Қазақстанда төртінші ірі мұнай өңдеу зауытын салуға дайындық басталды

138
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/A8019UlazWQXvoD8dvv1UAXw6PV5ZEipp9GdUWQZ.webp

Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын салу жобасы практикалық кезеңге өтті. Қазір болашақ кәсіпорынға арналған техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Құжат құрылыс жүргізуге ең тиімді орынды және шикізат жеткізу тізбегін айқындауы тиіс. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Exclusive.kz-ке сілтеме жасап.

Министрдің сөзінше, жаңа мұнай өңдеу кешені жылына 10 миллион тоннаға дейін мұнай өңдеуге қауқарлы болады.

«Сарапшыларға Қашаған мен Теңіз кен орындарынан шикізат жеткізу логистикасынан бастап, құрылысқа ең қолайлы орынды анықтауға дейінгі барлық нұсқаны жан-жақты есептеу тапсырылды. Зауыттың қай жерде орналасатыны жөніндегі шешім тек экономикалық тиімділік, логистика және технологиялық есептеулер негізінде қабылданады», – деді министр.

Ақкенженовтің айтуынша, жаңа кәсіпорынның құрылысы ішкі мұнай өнімдері нарығының ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Болашақта бұл мұнай өңдеу зауыты мұнай-газ химиясы саласын дамытатын маңызды орталықтардың біріне айналмақ.

Министр Қазақстанның газ саласындағы ірі жобаларды да жалғастырып жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда елімізде 13 миллионнан астам адам, яғни халықтың 64 пайыздан астамы табиғи газбен қамтылған. 2035 жылға қарай газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Негізгі жобалардың бірі – еліміздің солтүстік өңірлерін сенімді газбен қамтамасыз етуге арналған Есіл – Астана магистральдық газ құбырының құрылысы.

Сонымен қатар 2027 жылы Қашаған кен орнында жылына 1 миллиард текше метр газ өңдейтін газ өңдеу зауытын іске қосу жоспарланған. Тағы бір газ өңдеу зауыты Жаңаөзенде салынып жатыр. 2030 жылға қарай Қашаған мен Қарашығанақтағы жалпы қуаты 7,5 миллиард текше метр болатын жаңа кешендерді пайдалануға беру көзделуде. Бұл 2032 жылға қарай Қазақстандағы тауарлық газ өндірісін қазіргі 27 миллиард текше метрден 35 миллиард текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Комментарии
Другие материалы