"Өзіңізден басқаның бәрі кінәлі". Премьер-министр облыс әкіміне міндет жүктеді

195
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/FZ4alncqvhDrSCLSnSYOUPoLKwtfSHEUYnHvBOKT.jpg

Үкімет отырысында энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері қаралды. Жөндеу жұмыстарына өтінімдердің төмен деңгейде берілуіне байланысты Алматы облысы «қызыл аймаққа» енді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімі Марат Сұлтанғазиевтен мұның себебін сұрады.

Алматы облысының әкімінің мәліметінше, өңірде жалпы құны 62,9 млрд теңгені құрайтын 10 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде төрт жоба жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Ал қалған жобаларды «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ жүзеге асырады. Конкурстық рәсімдер 17 шілдеде басталған.

Әкімнің айтуынша, жалпы құны 2 млрд теңгені құрайтын жылумен жабдықтау саласындағы екі жоба бойынша мердігерлер анықталып, келісімшарттар жасалған. Жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын қараша айының соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Сонымен қатар сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне қатысты жалпы құны 2 млрд теңге болатын тағы екі жоба бойынша прокуратураның ұсынысынан кейін конкурс қорытындыларының күші жойылып, рәсімдер қайта жарияланған. Осыған байланысты жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Қайта өткізілетін конкурстың нәтижесі 25 тамызға дейін шығарылып, жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Марат Сұлтанғазиев аталған екі жобаның Қаржы министрлігі тарапынан қаржыландыруы уақытша тоқтатылатын басым емес жобалар тізіміне енгізілгенін айтып, Премьер-министрден оларды осы тізімнен алып тастауды сұрады.

Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімінің баяндамасына сын айтты.

«Сізді тыңдасақ, өзіңізден басқаның бәрі кінәлі. Жұмысты жеделдетіңіз», – деді Премьер-министр.

Комментарии
Другие материалы