Тау ешкімді бөлмейді. Көкжайлау қоғамның адамға деген көзқарасын өзгерте ала ма?

252
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/syfTPedUHUsNYiOo85TAs1XXYSVKo53wzyxfuhQI.webp

Кез келген елдің өркениеті оның биік ғимараттарымен емес, қоғамдағы ең әлсіз азаматтарына қандай мүмкіндік бергенімен өлшенеді.

Өкінішке қарай, Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі адамның табиғатқа шығуы, тауға көтерілуі немесе отбасымен бірге демалуы әлі күнге дейін қалыпты құбылыс емес. Бұл – адамның емес, қоғамның мүмкіндігінің шектеулі екенін көрсететін шындық.

Осы мәселені Қазақстан мүгедектер ұйымдары одағының жетекшісі, Алматы қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы Ұлан Інкәрбеков көтерді. Ол Көкжайлау үстіртінде жүзеге асырылатын Almaty Superski жобасын қолдайтынын айтып, оның ең маңызды тұсы – инклюзивті орта қалыптастыру екенін жеткізді.

«Неліктен мүмкіндігі шектеулі адам демалыс күні отбасымен бірге табиғатқа барып, өзгелер сияқты демала алмайды? Себебі қолжетімділік жеткіліксіз әрі бағасы қымбат», – дейді ол.

Бұл – мыңдаған қазақстандықтың жанайқайы.

Біз көбіне инклюзивтілікті мектептегі пандуспен немесе мемлекеттік мекемедегі арнайы есікпен ғана өлшейміз. Бірақ адам өмірі мемлекеттік мекемемен шектелмейді. Оның да саяхаттағысы келеді, таудың самалын жұтқысы келеді, балаларымен бірге қар ойнағысы немесе жай ғана күннің батуын биіктен тамашалағысы келеді.

Табиғат – ешкімнің жекеменшігі емес. Ол – бәріне ортақ. Алайда сол ортақ дүниеге жету мүмкіндігі бәріне бірдей болмай тұр.

Көкжайлау жобасы төңірегінде қоғамда түрлі пікір айтылып келеді. Бірі экология мәселесін көтерсе, енді бірі туризмнің дамуына басымдық береді. Бірақ осы пікірталаста жиі ұмыт қалатын бір мәселе бар. Ол – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығы.

Егер жаңа туристік нысан халықаралық талаптарға сай салынып, қоларбамен жүретін азаматқа да, қарт адамға да, ерекше қажеттілігі бар балаға да қолжетімді болса, онда бұл қоғамның жаңа мәдениетінің көрінісі болмақ.

Ұлан Інкәрбеков те осыны меңзейді.

«Ең бастысы – мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімді орта қалыптастыру. Барлығы шын ниетпен жасалуы керек. Жылдам салып, пайда тауып кету мақсатында емес», – дейді ол.

Жоба аясында Kazakh Tourism Development Ltd. компаниясы мен Алматы қалалық мүгедектер қоғамы бес жылдық меморандумға қол қойды. Құжат аясында курорттағы қонақүйлер, жаяу жүргінші жолдары, қоғамдық тамақтану орындары мен сервистік аймақтар халықаралық инклюзивтілік стандарттарына сай жоспарланбақ. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар азаматтар жобаны талқылауға және оның құжаттарымен танысуға қатыса алады.

Бұл – маңызды қадам. Өйткені инклюзивті орта кабинетте емес, сол ортаны пайдаланатын адамдардың пікірін ескеру арқылы қалыптасады.

Бүгінде әлемнің дамыған елдерінде инклюзивті туризм – әлеуметтік жауапкершіліктің ажырамас бөлігі. Себебі демалу, саяхаттау немесе табиғат аясында серуендеу – адамның өмір сапасын айқындайтын негізгі құқықтардың бірі.

Сондықтан Көкжайлау туралы әңгіме тек жаңа курорт жөнінде емес. Бұл – біз қандай қоғам құрғымыз келетіні туралы әңгіме.

Біз тек дені сау адамдарға ғана қолайлы мемлекет қалыптастырамыз ба, әлде әрбір азамат өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінетін Қазақстанды құрамыз ба?

Өйткені тау ешкімді бөлмейді. Адамдарды бөліп тұрған – біздің салған кедергілеріміз ғана.

Комментарии
Другие материалы