«Алтын Орданың мұрасы: Ұлы Даладан бастау алған өнер» Ұлытау көрмесі өтіп жатыр

97
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/l9Wlwg3ezznAtr29KkSBG3aBWFoTI8W4bWXub1id.jpg

18–19 шілде күндері Астанада «Алтын Орданың мұрасы: Ұлы Даладан бастау алған өнер» атты Ұлытау облысы ұйымдастырған көрме өтіп жатыр. Іс-шара Қазақстанның креативті индустрияларын дамытуға және Ұлы Даланың тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған.

Ұлытау облысы ұйымдастырған көрме аясында қазақ халқының бай мәдени мұрасының заманауи дизайн, сән индустриясы, зергерлік өнер, кескіндеме және авторлық қолөнердегі жаңа көрінісі ұсынылған. Келушілер Қазақстан тарихы мен Алтын Орда мәдениетінен шабыт алған заманауи сувенирлік өнімдерді, ағаштан, былғарыдан, керамика мен киізден жасалған қолөнер бұйымдарын, зергерлік әшекейлерді, суретшілердің туындыларын, этно-сән топтамаларын және қазақтың дәстүрлі құрақ көрпе өнеріне арналған арнайы экспозицияны тамашалап жатыр.

Іс-шара барысында Ұлытаудан келген шеберлермен былғары өңдеу, ағаш ою, ұлттық музыкалық аспаптар жасау және ұсталық өнер бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылуда. Сонымен қатар қолөнершілермен, суретшілермен және дизайнерлермен шығармашылық кездесулер өтіп, ұлттық өнердің бүгінгі даму бағыттары таныстырылып жатыр. Көрменің концерттік бағдарламасы аясында қазақстандық дизайнерлердің Ethno Fashion Show сән көрсетілімі ұсынылады. Сондай-ақ кешкі бағдарлама Jezz Acoustic Band тобының концертімен жалғасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба отандық қолөнершілерді, дизайнерлерді, суретшілерді және шығармашылық кәсіпкерлерді қолдауға, сондай-ақ Made in Kazakhstan ұлттық брендін дамытуға бағытталған.

Көрме Астана қаласы, Хошы хан көшесі, 16/2 мекенжайындағы Qazaq Creative Hub алаңында өтіп жатыр.

Комментарии
Другие материалы