Қара теңізде қазақ мұнайын тасымалдайтын танкерге шабуыл жасалды

261
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/kLTIWEmGi3vZRfCnYWuOQOoB1Kp0l4wZGosLD09D.jpg

Қара теңізде қазақ мұнайын тасымалдайтын Chevron компаниясының танкеріне дрондар шабуыл жасады. Бұл туралы бүгін, 8 шілдеде Reuters агенттігі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Дереккөздердің бірінің айтуынша, Yasa Polaris танкері Каспий құбыр консорциумы терминалына жақындаған кезде ұшқышсыз ұшу аппаратының соққысына ұшыраған.

Агенттік мәліметінше, Chevron компаниясы оқиғаны растағанымен, оның компанияның операциялық қызметі мен экспорттық жеткізілімдеріне әсер етпегенін мәлімдеген.

«Экипаж қауіпсіз жерде, кеменің жағдайы қалыпты. Танкер қауіпсіз портқа бағыт алды. Біз кеме операторымен және құзырлы органдармен байланысып жатырмыз», – деп хабарлады компания өкілдері.

Оқиғаға қатысты пікір білдірген Ресей басшысы Владимир Путиннің баспасөз хатшысыДмитрий Песков мұны халықаралық энергетикалық инфрақұрылымға қарсы бағытталған «Киев режимінің террористік әрекеті» деп атады. Ресейдің бұған қалай жауап беретіні туралы сұраққа Песков арнайы әскери операция жалғасатынын айтты.

Айта кетейік, КҚК арқылы Қазақстан мұнайының шамамен 80 пайызы экспортталады. Құбыр желісі Қазақстанның батысындағы Теңіз кен орны мен өзге де кен орындарын Новороссийск маңындағы теңіз терминалымен байланыстырады. КҚК акционерлері қатарында Ресей (31%), Қазақстан (20,75%), Chevron (15%) және бірқатар жекеменшік компания бар.

Комментарии
Другие материалы