Балқаштағы «BALKHASH TOUR FEST» фестивалінде құқықтық квест жастардың басын қосты

182
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/TjmlNahXNaWaGXIaxsJIchVJYtkYec9zBkg0uJK0.jpg

Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасы Балқаш қаласы прокуратурасының қолдауымен «BALKHASH TOUR FEST» фестивалі аясында құқықтық квест ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау.


Шара қаланың белсенді жастары мен фестиваль қонақтарының басын қосты. Қатысушылар интерактивті форматта заңнама бойынша білімдерін сынап, жаңа дағдылар игерді және құқықтық мәдениетін шыңдауға мүмкіндік алды.


Квест аясында прокуратура, полиция және Төтенше жағдайлар басқармасы өкілдерінің қатысуымен арнайы тақырыптық станциялар құрылды. Әр локацияда қатысушылар құқықтық сауаттылық, қауіпсіздік, алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, құқық бұзушылықтың алдын алу және төтенше жағдайлардағы іс-әрекеттерге байланысты тәжірибелік тапсырмаларды орындап, сұрақтарға жауап берді және түрлі жағдаяттық кейстерді шешті.


Ұйымдастырушылар мұндай интерактивті формат құқықтық ағарту процесін жастар үшін қолжетімді әрі қызықты ете түскен, сондай-ақ, азаматтық жауапкершілік пен заңға деген құрмет сезімін қалыптастыруға септігін тигізгенін айтады. 
Балқаш қаласы прокуратурасының өкілдері атап өткендей, мұндай шаралар құқық бұзушылықтың алдын алудың тиімді құралы болып табылады және өскелең ұрпақтың бойында орнықты құқықтық білім мен қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі.
Бұдан бөлек, фестиваль қонақтары үшін Балқаш қаласы полициясы мен Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен көрме алаңы ұйымдастырылды. Келушілердің назарына құқық қорғау органдары мен құтқару қызметтерінің арнайы жабдықтары мен техникалары, полиция мотопатрулі, арнайы жасақ сарбазының жарақтары, сондай-ақ, заманауи авариялық-құтқару техникалары ұсынылды.
Құқықтық квест қорытындысы бойынша қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.

Комментарии
Другие материалы