Назарбаевтың туған күніне тарту ма? "Хазірет Сұлтанға" "Нұрсұлтан" қосылды

271
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/GffARbLW3402H7VStAf7pYmLxKFUFqSsgijGpM5B.jpg

Бір кезде "Нұрсұлтан" аталған ел астанасындағы Қазақстанның бас мешітіне діни басқарма «Нұрсұлтан мешіті» атауын берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Бас республикалық мешітке «Нұрсұлтан мешіті» атауы берілгенін хабарлайды. Осыған байланысты жаңа атау ресми түрде қолданысқа енгізіледі», – делінген хабарламада.

Басқарма өкілдерінің мәліметінше, Бас республикалық мешіт жаңа атаумен де халықтың рухани өміріне қызмет етуді жалғастырады. Сондай-ақ қоғамдағы өзара құрмет пен ынтымақтастықты нығайтуға, дәстүрлі рухани құндылықтарды сақтауға және игі бастамаларды дамытуға өз үлесін қоса бермек.

«Мешіт халық бірлігін нығайтуға, бейбітшілік пен келісімді ілгерілетуге, ізгілік пен мейірімділік құндылықтарын таратуға, сондай-ақ иман мен адамгершілікке негізделген игі бастамаларды қолдауға қызмет етеді. Жаңа атаумен Бас республикалық мешіт халықтың рухани өміріне қызмет етуді жалғастырып, қоғамдағы өзара құрмет пен ынтымақты нығайтуға, дәстүрлі рухани құндылықтарды сақтауға және ізгі бастамаларды дамытуға үлес қоса береді», – деп мәлімдеді ҚМДБ.

Бұған дейін 2012 жылы Астанада ашылған мешітке сол кездегі президенттің ұсынысымен "Хазірет Сұлтан" атауы берілген болатын. 

Айта кетейік, 6 шілде – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні. Биыл экс-басшы 86 жасқа толады. Ол 1989 жылы билікке келіп, 30 жылға жуық ел президенті болған еді. Назарбаев 2022 жылдың 5 қаңтарына дейін Қауіпсіздік кеңесі төрағасы болып отырды, 2023 жылдың қазанына дейін Елбасы статусы сақталды. Ол 2019 жылы президенттіктен кетерде Астана қаласы "Нұрсұлтан" аталған және облыс орталықтарындағы орталық көшелердің аты Назарбаевтың атына берілген. Алайда 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін ел астанасы қайтадан бұрынғы атауын иеленген. Алайда облыс орталықтарындағы көше атаулары және Назарбаев атындағы университет және мектеп атаулары қала берген. Ол биліктен кеткен соң көпшілік ортасына көп шыққан жоқ. Тек бірнеше мәрте қазір аты берілген мешітте болған және сайлаулар мен референдумдар кезінде ғана көп алдында көрінгені белгілі. Інісі Болат Назарбаев қайтыс болғанда бірер мәрте көп алдына шыққаны болмаса, Назарбаевтың биліктен кеткеннен кейінгі өмірі қоғам үшін жұмбақ. Бертінде Назарбаевтың "Менің өмірім" аталатын мемуары қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген.  

 

Комментарии
Другие материалы