Экологиялық қылмыстармен күрес қалай жүріп жатыр?

160
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/uFA6Bnhn3hKOxjjnIrpZ1my3MBrbKFk1qoPHLj8h.jpg

Фото: shutterstock.com

Экологиялық қылмыстар қоршаған ортаға зиян келтіретін заңсыз әрекеттерден табыс табуға болатын жерде орын алады. Бүгінде мәселе әлемдік қауымдастықты алаңдатып отыр. БҰҰ мәліметінше, экологиялық қылмыстардан түсетін заңсыз табыс көлемі жыл сайын шамамен 3 трлн АҚШ долларына жетеді. Осылайша бұл есірткі контрабандасы, жалған ақша жасау және адам саудасынан кейінгі әлемдегі ең ірі қылмыстық қызмет түрлерінің біріне айналған.

Сарапшылардың бағалауынша, экологиялық қылмыстардан келетін шығын көлемі халықаралық ұйымдардың олармен күресуге жұмсайтын қаржысынан мыңдаған есе көп. Сондықтан табиғи ресурстарды қорғау мәселесі бүгінде тек экологияның емес, экономикалық және ұлттық қауіпсіздіктің де маңызды бағытына айналып отыр.

Бұл мәселе Қазақстан үшін де өзекті. Соңғы жылдары елімізде экологиялық құқық бұзушылықтардың саны азайғанымен, олардың табиғатқа келтіретін залалы әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.

Finprom.kz сарапшыларының мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы бес айында елімізде 174 экологиялық қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 20%-ға аз.

Алайда құқық бұзушылықтардан келген шығын көлемі керісінше өсіп отыр. Жыл басынан бері экологиялық қылмыстардың салдарынан келтірілген залал 3 млрд теңгеге жеткен. Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылы бұл көрсеткіш 1,9 млрд теңгені құраған, яғни шығын көлемі шамамен бір жарым есеге артқан. Дегенмен көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда төмен. Себебі сол жылы экологияға келтірілген залал көлемі 11,8 млрд теңгеге жеткен болатын. Экологиялық қылмыстардан келген шығынның басым бөлігі мемлекетке тиесілі. Жалпы залалдың тек 4%-ы ғана жеке тұлғалар мен компанияларға келген.

Елімізде жиі кездесетін экологиялық құқық бұзушылықтардың қатарында браконьерлік, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді заңсыз пайдалану, заңсыз балық аулау және жер қойнауын өз бетінше игеру фактілері бар.

Алайда табиғатқа ең үлкен зиян келтіретін қылмыс түрі – пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру. Биыл олар табиғатқа 2,5 млрд теңге көлемінде залал келтірген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен тоғыз есе көп.

Фото: zakon.kz

Экологиялық қылмыстар ең көп тіркелген өңір – Алматы облысы. Мұнда жыл басынан бері 25 осындай құқық бұзушылық анықталған. Одан кейін Атырау және Маңғыстау облыстары тұр. Ал қоршаған ортаға ұқыпты қарау көрсеткіші бойынша Астана қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысы алдыңғы қатардан көрінеді.

Мамандардың айтуынша, құқық бұзушылықтардың саны азайғанымен, келтірілген қаржылық шығынның артуы ерекше алаңдатады. Сондықтан табиғатқа келетін залалдың алдын алу мен экологиялық бақылауды күшейту күн тәртібінен түскен жоқ.

Соңғы жылдары мемлекет экологиялық бақылауды күшейтті. Ауа сапасына тұрақты мониторинг жүргізіліп, табиғатты ластаған кәсіпорындарға қомақты айыппұлдар салынып жатыр. Мәселен, 2023 жылы экологиялық инспекторлар 652 тексеру жүргізіп, 1679 заң бұзушылықты анықтаған. Нәтижесінде кәсіпорындарға 13 млрд теңге айыппұл салынды.

2024 жылы бақылау шараларының көлемі артты. Жоспардан тыс тексерулерді қоса алғанда 1080 тексеру жүргізіліп, 2888 заң бұзушылық анықталды. Осы кезеңде салынған айыппұл көлемі 87,9 млрд теңгеге жетті.

Ал өткен жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында 690 тексеру жүргізіліп, 1937 құқық бұзушылық тіркелді. Кәсіпорындардан өндірілген айыппұл көлемі шамамен 4 млрд теңгені құрайды.

– Әкімшілік айыппұлдар республика аумағында орналасқан ірі компанияларға салынған. Олардың арасында мұнай компаниялары, мұнай-газ өндіру, сонымен қатар түрлі кәсіпорындар бар. Оларға қатысты тексеру барысында анықталған заң бұзушылықтар бойынша әкімшілік айыппұлдар салынған. Бұл – экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеуге қатысты салынған айыппұлдар. Бұдан өзге сот органдарына экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеуіне байланысты кәсіпорынның қызметін тоқтату бойынша талап-арыз беруге құқылымыз, – делінген ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жауабында.

Экологтардың айтуынша, табиғатқа келетін залал тек заңсыз өндіруден немесе браконьерліктен ғана туындамайды. Қоқыс полигондары мен өңделмеген қалдықтар да қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіреді.

Фото: depositphotos

Табиғат жанашырлары қоқыстан пайда болатын химиялық қалдықтар ауа мен суды ластап, топырақтың құнарын төмендететінін айтып отыр. 

Сандарды сөйлетсек, жыл сайын Қазақстанда шамамен 5 миллион тонна коммуналдық қалдық түзіледі. Алайда былтыр оның небәрі 30 пайызға жуығы ғана қайта өңделген. Соның салдарынан 3 миллион тоннадан астам құнды шикізат полигондарға жіберілген.

Сарапшылар мәселені шешудің бір жолы ретінде Қайталама ресурстарды басқару жөніндегі арнайы агенттік құруды ұсынып отыр. Өйткені ресурстарды тиімді пайдалану әрі экологияны қорғауға, әрі экономикалық пайда табуға мүмкіндік береді. Мысалы, пластик пен пайдаланылған резеңкеден жаңа өнімдер шығаруға болады.

Осы бағыттағы жұмысты күшейту үшін елімізде экология саласын толық цифрландыру көзделген. Экологиялық ақпараттарды қамтитын Бірыңғай ұлттық деректер банкі құрылып, қоршаған ортаға қатысты мәліметтер бір жүйеге жинақталады. Сонымен қатар экологиялық жобаларды қаржыландырудың тиімділігі артып, қалдықтарды басқару тетіктері жетілдіріледі.

Жақында Сенат депутаттары осы бағыттағы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, қалдықтарды басқару жүйесін дамыту және заңсыз қоқыс орындарын жою мәселелеріне ерекше назар аударылған. Сонымен бірге қайта өңделген шикізатты пайдаланатын кәсіпорындарды ынталандыру шаралары қарастырылған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел алдына экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және «жасыл» экономиканы дамыту жөнінде маңызды міндеттер қойды.

Сарапшылардың пікірінше, оған жету үшін экологиялық заңнаманы жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу, бақылау жүйесін күшейту және қоғамның экологиялық мәдениетін арттыру қатар жүруі қажет. Өйткені табиғатты қорғау – тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Айғаным Мұстапаева

Комментарии
Другие материалы