Венесуэладағы жойқын жер сілкінісі. Қаза тапқандар саны 235 адамға жетті

80
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/B1N3RN5GUHXMDQlnMi8odPW9CZwxkIVL3F3R0yuv.jpg

Венесуэлада болған екі күшті жер сілкінісінің салдарынан қаза тапқандар саны 235 адамға жетті. Ал жарақат алғандар саны 4 300-ге дейін өсті. Бұл туралы Венесуэланың денсаулық сақтау министрі Карлос Альварадо мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна". 

Алдын ала мәлімет бойынша, 157 адам із-түзсіз жоғалған, 200 адам үйінді астында қалып қойған, ал табиғи апаттан 2 927-ден астам отбасы зардап шеккен.

Жер сілкінісі елдің инфрақұрылымына да айтарлықтай зиян келтірді. Жалпы 250 ғимарат пен 8 аурухана зақымданған. Кейбір медициналық мекемелерден науқастар шұғыл түрде эвакуацияланған.

Ең көп зардап шеккен өңір – Ла-Гуайра. Мұнда 100-ден астам ғимарат қираған. Құтқару жұмыстарына ауыр техника жұмылдырылып, 11 500-ге жуық қауіпсіздік қызметкерін тарту жоспарланған.

Табиғи апаттан кейін бірқатар елдер Венесуэлаға көмек көрсете бастады. Атап айтқанда, Сальвадор мен Доминикан Республикасы құтқару топтарын жіберді. Ал АҚШ гуманитарлық көмек көрсетуге байланысты қолданыстағы санкциялардан уақытша босатып, халықаралық гуманитарлық ұйымдар арқылы 150 миллион доллар бөлді.

Сонымен қатар ел астанасындағы негізгі әуежайда туындаған ақауларға байланысты әуе қатынасы әлі де толық қалпына келмеген. Осыған байланысты Iberia және Air Europa әуе компаниялары бірқатар рейстерін тоқтатты.

Еске салайық, 25 маусымға қараған түні Венесуэланың солтүстігінде магнитудасы 7,1 болатын жер сілкінісі тіркелген болатын. Кейін АҚШ Геологиялық қызметі (USGS) арасына небәрі 40 секунд салып, магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын тағы екі жерасты дүмпуін тіркегенін хабарлады. Осыдан кейін Венесуэлада төтенше жағдай режимі жарияланды.

Комментарии
Другие материалы