Орынбор газ өңдеу зауытына жасалған шабуылдан кейін Қарашығанақтағы газ өндірісі қысқарды

174
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ndO8kTwdmuJUoUknXKeggCFRJGdYZeHjKavx2XnV.png

Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қарашығанақ кен орнындағы газ өндіру көлемі уақытша қысқартылғанын айтты. Оның сөзінше, бұл шешім Ресейдің Орынбор газ өңдеу зауытына жасалған шабуылдан кейін қабылданған, деп хабарлайды "Адырна".

Министрдің мәліметінше, қазіргі уақытта Қарашығанақтағы өндіріс тәулігіне 34 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін азайған. Яғни, өндіріс көлемі 9 мың тоннаға қысқарған. Соған сәйкес газ қабылдау көлемі де төмендеген.

Соған қарамастан, Ерлан Ақкенженов Қазақстанда табиғи газбен қамтамасыз ету тұрақты екенін айтты.

«Қазіргі уақытта газбен жабдықтау жүйесінің жұмысы бұзылған жоқ. Қазақстан барлық газ жеткізу жөніндегі міндеттемелерін толық көлемде орындап отыр», – деді министр.

Қарашығанақ кен орнында құрамында күкірт мөлшері жоғары табиғи газ өндіріледі. Мұндай газды тікелей тұтынуға болмайтындықтан, ол өңдеу үшін Ресейдің Орынбор қаласындағы газ өңдеу зауытына жіберіледі. Тазартылғаннан кейін тауарлық газ қайтадан Қазақстанға жеткізіліп, ішкі тұтынушыларға таратылады.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі жағдайға қарамастан, елдегі газ жеткізу жүйесінің тұрақты жұмысы қамтамасыз етілген және тұтынушылар үшін газ тапшылығы қаупі жоқ.

Комментарии
Другие материалы