Жақсы бір кітап жазылса, оқырманның жаппай оқуымен-ақ жазушыны байытып тастайды

160
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/iz6iVlcuhPaGRz7psUSyylfQg8xXQmH5LL3WSEww.jpg

Шығарманы жалғыз автор жазбайды. Орта, қоғам, оқырман - бәрі шығарманың айналасындағы орындаушылар.

Мо Ян қалай Нобелге жетті? Қытайда Мо Яннан артық жазушы жоқ па? Бар, жетеді. Үй Хуа, Уаң Мың, Жя Пиңуа, бұл біз естіп, білгені ғана. Жазушы өте көп, жылына бес жүз роман жарық көретін шығар, тіпті мың болар. Баспаларда да бәсекелестік жоғары, оқырманның да талғамы өскен, ірі дүниені талап етеді, сіз бен біздің ертегіні мұрнына сүртпейді.

Жалпы, Нобелге жеткен елдердің бәрінде сондай. Жақсы бір кітап жазылса, оқырманның жаппай оқуымен-ақ жазушыны байытып тастайды. Шын жазушы одан кейін одан әрі жақсы дүние жазуға тырысады. Сөйтіп өсе береді. Ең бастысы бәсеке.

Ал бізде ше? Өз дегеніңді ешқашан жаза алмайсың! Жан бағу үшін біресе ананы, біресе мынаны жазасың. Оның өзі өтсе, баспалар оң көзімен қарап саған дұрыс есеп берсе, жақсы. Бір үлкен үмітпен бір нәрсе жазасың, осы өтеді, әрі қарай анау көкейімдегіні жазам дейсің, қайда??? Ол көкейіңдегі көкейіңде қала береді.

Қаншама талантты қыз, жігіттер бар, шығармашылыққа барын салып отыруға мүмкіндік жоқ! Жүз мың доллар тіктім деп, сонымен жарылқаймын деп ойламай-ақ қой. Оны біреу алар, үшеу алар. Қалған жұрт немен жазады?

Оқырман қалыптаспай ештеңе өзгермейді! Озған ұлттардың бәрі кітап оқитын ұлттар, сосын алады да Нобелді.

Нобелді Мо Ян жалғыз алған жоқ, бүкіл қытай оқырманы, сыншылары, әдебиеттанушылары бірігіп алды. Мәселе осында!

Министрлігің бар, басқаң бар, қазақ тіліне әлем әдебиетін, философиясын жаппай аудару керек, оқырман қалыптастыру үшін деп қанша зарласаң да артына қыстырмайды. Қайдағы Нобел саған!

Esbol Nurahmet

Комментарии
Другие материалы