14 маусымда АҚШ-тың Миссури штатындағы Батлер қаласында жеке ұшақ апатқа ұшырап, салдарынан 12 адам қаза тапты. Бұл туралы Fox4 телеарнасы айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Бейтс округінің төтенше жағдайлар басқармасы өкілінің мәліметінше, жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 11:30-да Батлер мемориалдық әуежайынан ұшып шыққан жеке ұшақ белгісіз себеппен кері бұрылып, Business 49 тасжолы маңында құлаған. Ұшақ бортындағы адамдардың барлығы көз жұмған.
Телеарнаның хабарлауынша, қаза тапқандардың 11-і парашютші, ал біреуі ұшқыш болған.
Оқиға орнында құтқару қызметтері, Миссури штатының полициясы, АҚШ-тың Федералдық азаматтық авиация басқармасы және Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі жұмыс істеп жатыр. Қазір апатқа дейін ұшақтан секіріп үлгеруі мүмкін парашютшілерді іздеу жұмыстары жүргізілуде. Тергеу бірнеше күнге созылады деп күтілуде.
Оқиғаға байланысты әуежай маңындағы Business 49 тасжолының барлық жолағы екі бағытта да уақытша жабылды.
