Ұлы дала құпиялары: Талдыда жаңа ғылыми жаңалықтар таныстырылды

186
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Tx3PCQpmBvLLLLwSxH3RmVsU5qyrm6ZoVWp0DudV.jpg

Қарағанды облысындағы киелі Талды алқабында халықаралық симпозиум өтті. Ғылыми форумға Қазақстан, Түркия, Германия, Мажарстан және Ресейден келген зерттеушілер қатысты. 

Ғалымдар Ұлы даланы ежелгі дәуірде мекендеген халықтар туралы тың деректерді ұсынып, Талды өңірінің әлі де талай құпия мен жаңалықтың кілтін сақтап отырғанын атап өтті.

Баяндамалардың бірі қазіргі Орталық Қазақстан аумағында бірнеше мың жыл бұрын өмір сүрген адамдарға арналды. Түркиялық антрополог Назлы Ақбас алғаш рет Талды тарихи-археологиялық кешенінің аумағындағы Ақкезең қорымынан табылған адам сүйектерін зерттеу нәтижелерін таныстырды.

Ғалымдардың анықтауынша, жерлеу орны ер адам мен әйелге тиесілі болған. Қорым көне дәуірдің өзінде тоналғанына қарамастан, сүйек қалдықтары ғылыми талдау жасауға жеткілікті деңгейде сақталған.

— Ер адамның жамбас және омыртқа сүйектерінен үзеңгісіз ұзақ уақыт атқа мінген адамдарға тән өзгерістер анықталды. Сүйектердің беріктігі олардың табиғи тағаммен қоректенгенін де көрсетеді, — деді зерттеуші.

Назлы Ақбастың пікірінше, Талды алқабы әлемдік ғылым үшін және мәдени-тарихи дәстүрлерді зерттеу тұрғысынан ерекше құндылыққа ие.

Симпозиумда көтерілген тақырыптар ауқымы кең болды. Қатысушылар антропология, археология, археоботаника және археометрия салаларындағы зерттеулерді талқылады. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археологы, профессор Мадияр Елеуов Қазақстанның археологиялық мұрасын сақтау мәселелеріне тоқталды. 

Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті жанындағы «Сарыарқа» археологиялық институтының директоры Алексей Кукушкин Талды тарихи-археологиялық паркінің аумағындағы қола дәуірі ескерткіштерін зерттеу нәтижелерін таныстырды. 

Мажарстандық мүсінші-реставратор Эмеше Анна Габор Алтын Орда дәуіріндегі адамдардың бет-бейнесін қалпына келтіру тәжірибесімен бөліссе, Макс Планк институтының палеоботанигі Басира Мир археология мен ботаника тоғысындағы зерттеулер туралы баяндады.

Талды аумағында жазғы далалық маусым да басталды. 

Қазба жұмыстары әйгілі Қаражартас пирамидасының маңында жүргізілуде. 

Зерттеушілер орта қола дәуіріне жататын қорымды зерттеп, алғашқы нәтижелерін ұсынды.

— Қазба барысында палеоантропологиялық материалдар — адам сүйектерінің қалдықтары, сондай-ақ құмыра түріндегі керамикалық ыдыстар табылды. Өкінішке қарай, негізгі жерлеу құрылыстары көне заманда-ақ тоналған. Дегенмен анықталған жәдігерлер қолдағы ғылыми деректер қорын толықтырып, зерттеушілерге жаңа тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді, — деді археолог, PhD докторы Айбар Қасеналин.

Симпозиум аясында Талды алқабынан табылған археологиялық олжалардың көрмесі ұйымдастырылды.

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы сақ қазаны, көне қанжар, әшекей бұйымдар мен көшпелілердің тұрмыстық заттарын көпшілік назарына ұсынды.

Өңірдің басқа мұражайларынан әкелінген жәдігерлер де келушілердің қызығушылығын тудырды. Шет аудандық археологиялық-этнографиялық музейі ұста Әрін Тұрмағамбетұлының домбырасын және Ресейден Қазақстанға қайтарылған, жартылай асыл тастармен әшекейленген ер-тоқымды таныстырды.

 

Комментарии
Другие материалы