Ақмолада креативті индустрия қалай дамып келеді?

194
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/SGEu69UEHjW92S1a2OInxd9IiLnhoOJyx6T333Ab.jpg

Ақмола облысында креативті индустрияны дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

13 маусым күні Астанада «Creative Aimaq» жобасы аясында Ақмола облысының креативті жәрмеңкесі ұйымдастырылып, өңірдің шығармашылық әлеуеті мен ұлттық қолөнері көпшілік назарына ұсынылды. Іс-шарада Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановқа жергілікті шеберлердің туындылары, заманауи дизайнерлік жобалар мен цифрлық бастамалар таныстырылды.

Мемлекет басшысының креативті экономиканы қолдау, әрбір облыс орталығы мен ірі қалаларда креативті индустрия орталықтарын құру және шығармашылық жобаларды коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес өңірде өнер, мәдениет пен қолөнерді дамытуға арналған кешенді бастамалар жүзеге асырылуда.

Ақмола облысында креативті индустрияның бес басым бағыты айқындалған. Олар – зергерлік өнер, мәдени мұра, музыка, сәулет пен сән индустриясы, сондай-ақ халықтық қолөнер. Осы салаларда еңбек етіп жүрген шеберлердің туындылары республикалық және халықаралық көрмелерде кеңінен таныстырылып келеді. Өңірдің мәдени әлеуетін 47 киелі нысан толықтырады. Олардың қатарында Абылай хан алаңы, Зеренді ауылындағы көбелектер музейі және тарихи-мәдени маңызы бар өзге де орындар бар. Бұл нысандар аймақтың туристік және мәдени брендіне айналып келеді.

Музыкалық бағытта ұлттық аспап жасаушылардың еңбегі ерекше бағаланады. Шеберлер домбыра, қобыз және өзге де дәстүрлі аспаптарды жасап, қазақтың музыкалық мұрасын сақтауға үлес қосып жүр. Ал сәулет және сән индустриясында ұлттық нақыш пен заманауи дизайнды үйлестіретін шығармашылық жобалар жүзеге асырылуда.

Ақмола облысында әдебиет пен өнерді дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді. Өңірде Әдебиет және өнер музейі жұмыс істейді, облыстық кітапхана жанынан жас қаламгерлердің «Жас тұлпар» клубы құрылған. Сонымен қатар инклюзивті фестивальдер, шығармашылық байқаулар мен театр жобалары тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Халықтық қолөнер де қарқынды дамып келеді. Бүгінде облыста 300-ден астам қолөнерші еңбек етеді. Олар сүйек пен ағаш ою, киіз басу, ұлттық киім тігу, зергерлік бұйымдар жасау және сәндік-қолданбалы өнердің басқа да түрлерімен айналысады. Тек Көкшетау қаласының өзінде ондаған кәсіби суретші шығармашылықпен шұғылданады.

 Ақмола облысында 3 мыңнан астам креативті индустрия субъектісі тіркелген. Оларды қолдау мақсатында көрмелер, жәрмеңкелер, форумдар, фестивальдер мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, авторлық брендтерді дамытуға және өнімдерді нарыққа шығаруға мүмкіндік жасалуда.

Өз өнімін брендке айналдырғандардың бірі - Гүлнар Орынбаева. Дизайнер киізден түрлі қамзол мен орамал, қалпақ басады. Оған бұл өнер әжесінен дарыған. Бүгінде зейнетке шыққан дизайнер бұл кәсібімен 10 жылдан бері айналысып, тұрақты тұтынушыларын қалыптастырған.

Одан бөлек, өңірде 15 креативті индустрия орталығы жұмыс істейді. Бұл алаңдар шығармашылық бастамаларды қолдап, жастардың кәсіби дағдыларын дамытуға және мәдени қауымдастық өкілдерінің өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасап отыр. Ақмолалық шеберлер V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы этноауыл жұмысына қатысып, өңірдің мәдени әлеуетін кеңінен таныстырды.

Сондай-ақ Наурызнама онкүндігі кезінде ұйымдастырылатын «Көшпенділер мұрасы» ашық алаңы ұлттық өнерді насихаттайтын маңызды жобаға айналған. Мұнда киіз басу, сырмақ жасау, зергерлік өнер, ұлттық киім тігу және басқа да дәстүрлі қолөнер түрлері көпшілік назарына ұсынылады.

Креативті инфрақұрылымды кеңейту жұмыстары да жалғасуда. Көкшетауда «Салтанат сарайы» базасында креативті индустрия орталығы жұмыс істесе, Қосшы қаласында халықаралық стандарттарға сай алғашқы көпфункционалды комьюнити-орталық ашылған. Онда шығармашылық студиялар, көрме алаңдары, коворкингтер, кітапхана, спорт және білім беру кеңістіктері орналасқан. Мұнда ағаш ою, былғары өңдеу, музыкалық аспап жасау, киіз өнері, бейнелеу өнері және зергерлік бағыттағы танымал шеберлердің шеберханалары тегін негізде қызмет етеді.

Бұдан бөлек, Жарқайың, Сандықтау, Бұланды, Жақсы және Атбасар аудандарында кітапханалар жанынан креативті орталықтар ашылуда. Ал Зеренді ауылында болашақ визит-орталық пен креативті индустрия хабы болатын заманауи музейдің құрылысы басталған. Сонымен бірге Бурабай ауданында ірі Конгресс-орталықтың жобалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.

Өңірде IT, digital және media бағыттары да белсенді дамып келеді. Көрмелерде робототехника, бағдарламалау, киберспорт, жасанды интеллект, ұлттық мәдениетке негізделген ойындар, «ақылды» домбыра, туризмге арналған цифрлық платформалар және инженерлік стартаптар таныстырылуда. Бұл бастамалар жастардың инновациялық әлеуетін арттырып, өңірдің креативті экономикасының жаңа бағытын қалыптастыруға ықпал етуде.

Комментарии
Другие материалы