Әл-Фарабидегі жол апаты. Қаза тапқандардың барлық туысы Пакқа кешірім берді

395
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/AXuxcdO0bBo67Hqy1ECvFln6MlD5JEebhL6oAeg0.jpg

Алматыда Әл-Фараби даңғылында үш адамның қаза болуына әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Бүгін, 8 маусымда үшінші марқұм Томирис Қыдырбектің  отбасы сөз сөйледі, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Марқұмның анасы Александр Пакқа арыз-шағымы жоқ екенін жеткізіп, өз қолымен өтініш жазғанын айтты.

«Жол-көлік оқиғасының ауыр салдарына және қызымның қазасына қарамастан, мен және менің жақын туыстарым Пакқа кешірім бердік және толық татуластық. Айыпталушы кінәсін толық мойындап, кешірім сұрады, келтірілген материалдық және моральдық шығынды толық өтеді. Қазіргі уақытта ешқандай материалдық немесе моральдық талабымыз жоқ және болашақта да болмайды. Татуласу ерікті түрде жүзеге асты, салдары түсіндірілді, шешім саналы түрде қабылданды», – делінген өтініште.

Айта кетейік, сағат 10:00-ге белгіленген сот отырысы 45 минут кешігіп басталды. Белгілі болғандай, куәгерлердің бірі онлайн форматта сотқа қосыла алмаған.

Қайғылы жол апаты 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған еді. Тергеу нұсқасы бойынша, Zeekr көлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Соның салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы қаза тапқан.  Марқұмдардың отбасылары Zeekr жүргізушісіне шартты жаза сұрап отыр.

Ауыр резонансты жол апатына қатысты істі Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр.

Комментарии
Другие материалы