Ақтөбеде Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні атап өтілді

211
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ZIIF5QLmtx5E7PfxCiVj63KhO582l5vPJX4o6MxI.jpg

5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні және Эколог күніне орай салтанатты марапаттау рәсімі өткізілді.

Іс-шараға экология саласының ардагерлері, экологтар, қоршаған ортаны қорғау саласының мамандары, кәсіпорын өкілдері мен белсенді еріктілер қатысты.

Салтанатты шарада Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов құттықтау сөз сөйлеп, экология саласы қызметкерлерінің өңірдің тұрақты дамуы мен қоршаған ортаны қорғаудағы маңызды рөлін атап өтті.

«Табиғат – адамзаттың ең қымбат байлығы, ортақ үйіміз. Оны қорғау, табиғи тепе-теңдікті сақтау және келер ұрпаққа таза қоршаған орта қалдыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды жобаға айналды», – деді Ғалымжан Елеуов.

Облыс әкімінің орынбасары өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, «Ақтөбе облысының экологиялық мәселелерін кешенді шешу жөніндегі 2024–2026 жылдарға арналған жол картасы» аясында бірқатар маңызды жобалар іске асырылуда.

Атап айтқанда, Ақтөбе қаласында тәулігіне 100 мың текше метр өнімділігі бар жаңа кәріз-тазарту құрылыстары кешенін салу жоспарланған. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, сметалық құны 53,5 млрд теңге көлемінде айқындалған. Нысанды пайдалануға беру 2028 жылға жоспарланып отыр.

Сонымен қатар өңірдің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары атмосфералық шығарындыларды азайту бағытында нақты шаралар қабылдауда. «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауытында халықаралық стандарттарға сәйкес тазалау тиімділігі кемінде 99 пайыз болатын №1 және №2 цехтардың газ тазарту құрылыстарын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Ал Ақтөбе хром қосындылары зауытында электрофильтрлер мен сүзгілерді орнату нәтижесінде зиянды шығарындылар көлемін 63 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берілді.

Мерекелік шара барысында табиғатты қорғау ісіне қосқан елеулі үлестері мен қоршаған ортаны сақтауға бағытталған нәтижелі еңбектері үшін сала мамандары марапатталды.


Комментарии
Другие материалы