Елордада Қазақстан Республикасының жастар арасындағы паравелоспорт чемпионаты мен велоспорттан Қазақстан Республикасы Гимназиадасының жабылу және жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Бұл дода еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас спортшылардың басын қосып, олардың спорттағы әлеуетін көрсетуге мүмкіндік берді.

Бірнеше күнге созылған жарыс барысында қатысушылар өздерінің төзімділігі мен шеберлігін ғана емес, жеңіске деген жігері мен қайсарлығын да дәлелдей білді. Ал жабылу салтанаты спортшылар, жаттықтырушылар және ата-аналар үшін ерекше әсерлі сәттерге толы болды.

Жарыстың жабылу рәсімінде ұйымдастырушысы Мәжіліс депутаты Сейтжан Кенжеғұл қатысушыларды марапаттап, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар мен медальдар табыстады. Сонымен қатар, шараға қонақ ретінде Мәжіліс депутаттары Ислам Еркінұлы мен Екатерина Сергеевна, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетіне қарасты мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған спорттық даярлау орталығының директоры Болатбек Асылбеков, спорт орталығының директоры Ташнетов Арман және «Самұрық» қолдау қорының директоры Әлфия Дәулетқалиқызы қатысып, үздік спортшыларды марапаттау рәсіміне атсалысты.

Марапаттау сәтінде ата-аналардың қуанышы ерекше байқалды. Олар балаларының жетістіктеріне мақтанып, әр жеңісті бірге бөлісті. Бұл тек спорттық нәтиже ғана емес, үлкен еңбек пен қолдаудың жемісі екені анық сезілді.

Қазақстан паравелоспортының бас бапкері Николай Васильевич жас спортшыларға арнаған сөзінде жастарға ерекше сенім артатынын жеткізді.
– Мен баршаңызға, әсіресе жастарға сәттілік тілеймін. Біз барлық спортшыларды бақылап отырамыз, ешкім назардан тыс қалмайды. Әрқайсысына көңіл бөлінеді, әр спортшы өз мүмкіндігін көрсетуге мүмкіндік алады. Ал үздіктер ұлттық құрама сапына өтіп, жалақы мен сыйақы алып, кәсіби деңгейде дамуға жол ашады. Ең бастысы – еңбек ету, жаттығуды тоқтатпау, – деді ол.
Бүгінде паравелоспорт тек жарыс алаңы ғана емес, көптеген жас үшін жаңа мүмкіндікке айналып отыр. Осындай чемпионаттар арқылы жастар өз күшіне сенуді үйреніп, үлкен спортқа жолдама алады. Ең маңыздысы — бұл жарыстар инклюзивті қоғам қалыптастыруға және ерекше спортшыларға жаңа белестерді бағындыруға мүмкіндік береді.

Бұл чемпионат тағы бір маңызды дүниені көрсетті: спорт тек медаль үшін емес, мүмкіндіктерді кеңейту, сенім қалыптастыру және әр спортшыға өз әлеуетін көрсету үшін қажет. Жас спортшылардың бүгінгі талпынысы — ертеңгі үлкен жеңістердің бастауы.
