Ұмыт қалған қария. Әкімдік тыл ардагерін мерекемен құттықтамаған

211
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/GBclOJOCPwtSEbST94hM3baQaDjDagu808zrdxPG.jpg

Орал қаласында 96 жастағы тыл ардагері Сандеш Жапашева Жеңіс күніне арналған құттықтау мен 50 мың теңге көлеміндегі біржолғы төлемді ала алмай қалған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы КТК арнасына сілтеме жасап.

Мәліметке сәйкес, зейнеткер электронды базадан жоғалып кетіп, тіркеуден де шығып қалған. Сандеш Жапашева ұзақ жылдар мектеп директоры болып қызмет атқарған. Ол Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған, білім беру ісінің үздігі және Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің бұрынғы депутаты болған. Ардагердің туыстары мән-жайды анықтау үшін Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінген. Мамандар бұл жағдайды техникалық ақаумен байланыстырған.

Туыстарының айтуынша, ардагердің мерекеде назардан тыс қалуы оған ауыр тиген.

«Біз үшін бұл 50 мың теңге маңызды емес. Мәселе – әжемізді ешкім келіп құттықтамағанында. Соған қатты көңілі түсіп кетті», – деді немересі Ернар Әлдекешев.

Ал төлемге жауапты мекеме өкілдері бұған дейін тізімдер бухгалтерия арқылы жасалса, қазір мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректер негізінде қалыптастырылатынын мәлімдеді. Алайда Сандеш Жапашеваның есімі жүйеден табылмаған.

Қала әкімдігінің мәліметінше, ардагердің тіркеуі 9 мамырдан кейін ғана қайта рәсімделген. Соның салдарынан ол мерекелік төлем алушылар тізіміне енбей қалған.

 

Комментарии
Другие материалы