Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Құрбан айт мерекесіне байланысты әлеуметтік-экономикалық қолдауға мұқтаж халыққа көмек көрсету жөніндегі ұсыныстардың таныстырылымымен танысты. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.
Таныстырылымда Өзбекстан мұсылмандары басқармасы, Ұлттық әлеуметтік қорғау агенттігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Экономика және қаржы министрлігі, Өзбекстан махалла қауымдастығы, сондай-ақ «Вакф» қайырымдылық қоғамдық қоры әзірлеген ұсыныстар қаралды.
Ұсыныстарға сәйкес, Құрбан айт қарсаңында ауқымды әлеуметтік шаралар өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, ауыр және мүгедектікке әкелетін аурулары бар 10 мың балаға хирургиялық операция жасау, 2,3 мың онкологиялық және гематологиялық науқасты тексеріп емдеу, сондай-ақ бауыр мен бүйрек трансплантациясына кеткен шығындарды кемінде 350 науқасқа өтеу көзделген.
Сонымен қатар, 8 мыңнан астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің балаларына жинақ шоттарына 200 АҚШ доллары көлемінде қаражат аудару қарастырылған.
Бұдан бөлек, 500 мешітте дәрет алатын орындарды салу немесе жөндеу, зираттарды абаттандыру және әлеуметтік тұрғыда осал отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету жоспарланған.
Бұл шараларды қаржыландыруға 690 миллиард сум бөлінетіні айтылды. Президент жауапты тұлғаларға барлық жұмыстарды ашық әрі нақты мақсатқа бағыттап ұйымдастыруды тапсырды.
