Павлодар облысында энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп келеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ақсу қаласында «Теплосервис-Ақсу» МКК магистральдық және тарату жылу желілерін кезең-кезеңімен жаңарту қолға алынған. Ал Екібастұзда «Екібастұз жылу желілері» ЖШС инженерлік инфрақұрылымды қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, «Горводоканал» МКК сорғы станциясын жөндеуді жоспарлап отыр.
Коммуналдық жүйелерді жаңғырту жұмыстары Павлодар қаласында да жалғасады. 2026-2027 жылдары мұнда жеті ірі жобаны жүзеге асыру көзделген. Олардың қатарында сорғы станциясының құрылысы, жылу магистралін және орталық жылу пункттерін жөндеу бар.
Сондай-ақ «Павлодар тарату компаниясы» АҚ әуе электр желілерін және трансформаторлық қосалқы станцияларды салу мен жаңғыртуды, электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізуді жоспарлап отыр.
Жалпы алғанда, 2026-2027 жылдары Павлодар облысының үш қаласында құны 13,6 млрд теңгені құрайтын оннан астам ЭКСЖ жобасын іске асыру жоспарланған. Оның ішінде Павлодарға – 5,8 млрд теңге, Екібастұзға – 5,2 млрд теңге, Ақсуға – 2,6 млрд теңге қарастырылған. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта жобалар саны артуы мүмкін.
