Трамвай рельстері алынып жатыр

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/lRSzREPlKxK0nK8VAZkOkOvtyiwQNImcikavl9Ic.jpg

Алматыда Төле би көшесінің бойында бұрыннан пайдаланылмай тұрған трамвай рельстерін демонтаждау жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды адырна ұлттық порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, аталған жұмыстар болашақ LRT желісінің құрылысына дайындық аясында жүргізілуде. Қазіргі таңда Төле би көшесінің Саин көшесінен Өтеген батыр көшесіне дейінгі бөлігінде ескі рельстер мен бетон шпалдар алынып жатыр. Ведомство өкілдерінің айтуынша, демонтаждан шыққан барлық материалдар «Алматыэлектротранс» компаниясына беріледі.

Қазір аталған аумақта құрылыс техникасы жұмыс істеп, жолдың орталық бөлігі толықтай құрылыс алаңына айналған. Жұмысшылар ескі трамвай жолдарын бөлшектеп, жердің жоғарғы қабатын қазып жатыр. Соған қарамастан, көлік қозғалысы әзірге шектелмеген.

Еске салайық, Алматыда трамвай қозғалысы 2015 жылы тоқтатылған болатын. Бұған бірнеше ірі жол апаты себеп болды. Сол жылы қыркүйек айында тежегіші істен шыққан трамвай бірнеше көлікпен соқтығысып, адамдар зардап шеккен еді. Арада бірнеше апта өткенде тағы бір ұқсас апат тіркеліп, осыдан кейін қалада трамвай қозғалысын толық тоқтату туралы шешім қабылданған.

Кейін Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек трамвай жүйесі жабылар кезде қалада небәрі екі маршрут пен алты трамвай ғана жұмыс істегенін айтқан. Оның сөзінше, қоғамдық көліктің бұл түріне сұраныс аз болған.

Ал жаңа LRT желісінің ұзындығы 18,3 шақырым болады деп жоспарланып отыр. Жоба Алатау ауданындағы тұрғын алаптарды Алматы-2 теміржол вокзалымен байланыстырады. Бағыт Бауыржан Момышұлы көшесі, Төле би көшесі және Абылай хан даңғылы арқылы өтеді.

Жоспар бойынша, LRT желісінде ондаған станция салынып, ол метро, BRT және автобус бағыттарымен біріктіріледі. Қала билігі жаңа жүйе Алматыдағы көлік қозғалысын жеңілдетіп, жолаушылар үшін ыңғайлы орта қалыптастырады деп есептейді.

Комментарии
Другие материалы