Қарағанды Еуразияның логистикалық орталығына айналмақшы

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/uklibK3NQt3vbYhbGC5jVqmnprLGOCdpxfgPVvKf.jpg

Қарағанды әуежайы ауқымды жаңғырту кезеңіне қадам басты: алдағы 25 жылға арналған даму мастер-жоспары әзірленді. Құжатты халықаралық сарапшылар дайындаған. Негізгі басымдық — мультимодальды әуе хабын қалыптастырып, оның айналасында ірі жүк экожүйесі — QarGoCity жобасын іске қосу. Бастамаға мемлекет пен жергілікті билік қолдау білдіріп отыр.

Жобаның келешегі облыс әкімдігінде өткен кеңесте талқыланды.

— Мемлекет басшысы елдің транзиттік әлеуетін дамыту, экономиканы әртараптандыру және жаңа өсім нүктелерін қалыптастырудың маңызын бірнеше рет атап өтті. Біздің өңір үшін мұндай драйвер Сары-Арка әуежайы болуы тиіс. Бұл әуежай халықаралық жүк әуе тасымалдарын дамытуға толық мүмкіндік береді: мұнда еліміздегі аумағы бойынша екінші ірі карго-терминал орналасқан, сондай-ақ Латын Америкасы, Еуропа және Оңтүстік-Шығыс Азиямен жүк бағыттары жолға қойылған. Келесі кезең — қолданыстағы инфрақұрылымнан халықаралық деңгейдегі мультимодальды әуе хабына көшу, — деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Қазір «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы аясында логистика, қайта өңдеу және жүк ағындарына қызмет көрсету бағыттарын дамытуға арналған мамандандырылған субаймақ құру пысықталуда. Инвесторлар мен жаңа өндірістерді тартуға негіз болатын жеті басым бағыт айқындалған. Сонымен қатар әуежайға тікелей теміржол тармағын салу мәселесі қарастырылып жатыр.

«Сары-Арка әуежайы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Ерлан Оспанов мәлім еткендей, жоба жоспар деңгейінен нақты іске асыру кезеңіне өтіп келеді. Қарағандыда шамамен 600 гектар аумақты қамтитын жаңа карго-аймақ салынуда, аэродром инфрақұрылымы кеңейтіліп, ірі жүк ұшақтарын қабылдауға арналған алаңдар дайындалуда. 

Сондай-ақ отын базасы да дамып келеді — әуежай елдегі екі түрлі авиаотын түрі бар санаулы нысандардың біріне айналмақ.

Жүк тасымалының көлемі де артып келеді. Бұған дейін Қарағанды жылына шамамен 15 мың тонна жүк қабылдаса, биыл бұл көрсеткішті 100 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

Ал алдағы жоспарлар бұдан да ауқымды. Басқарушы серіктес Франц Ван Гессеннің бағалауынша, алдағы он жыл ішінде жүк көлемі жылына 1 миллион тоннаға дейін өсуі мүмкін.

— Қарағанды ірі жүк хабын дамыту үшін бірегей мүмкіндіктерге ие: тиімді географиялық орналасу, қолжетімді жер ресурстары, әуе кеңістігінің бос болуы, сондай-ақ жолаушылар ағынымен бәсекелеспей, арнайы жүк инфрақұрылымын дамытуға жағдай бар. Біз әуежай мен оған іргелес аумақты дамытудың кешенді мастер-жоспарын әзірледік. Бұл тек әуежайды кеңейту жобасы емес, сонымен қатар QarGoCity логистикалық және индустриялық экожүйесін қалыптастырудың негізі. Осылайша, Қарағанды Еуразияның логистикалық орталығына айнала алады, — деп түйіндеді Франц Ван Гессен. 

Комментарии
Другие материалы