«Атамұра» баспасы тағы бір жетістікке жетті

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/BgozEBkFs8yzKfROaZTNDJB4ZS3D5gk8QP8FJATY.jpg

23 сәуір – Ұлттық кітап күні. Бұл мереке елімізде екінші рет тойланып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күннің маңызын ерекше атап өтті. 

"Қазіргі кезеңде баспа ісінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Соған қарамастан, кітап рухани және адами құндылықтардың қайнар көзі ретінде ешқашан мән-маңызын жоғалтпайды. Қазір қоғамның кітап оқу мәдениетіне, соның ішінде классикалық көркем шығармаларды немесе бүгінгі заманның өзекті мәселелеріне арналған жарияланымдарды оқуға біртіндеп қайта бет бұрып жатқаны байқалады. Осы оң үрдіс жастар арасында да кеңінен таралып келеді. Жаппай цифрландыру және Жасанды Интеллектінің үстемдігі арта түскен уақытта оқу мәдениеті ұлт сапасының бірден-бір өлшемі ретінде халқымыздың бітім-болмысына тән айнымас қасиет болып қала беруге тиіс", – деп жазды Президент.

Атаулы мереке аясында елордада Astana Eurasian Book Fair-2026 IX халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр. Президент орталығында ұйымдастырылған бұл шара Орталық Азиядағы ең ірі мәдени-ағартушылық жобалардың бірі саналады. Көрмеге 80-нен астам отандық және шетелдік баспа мен полиграфиялық компания қатысып, олардың басым бөлігі қазақстандық ұйымдар болды.

Көрме аясында дәстүрлі «Ұлттық кітап» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды. Биыл байқауға 32 баспадан 155 өтінім түсіп, үздіктер тоғыз номинация бойынша марапатталды.

«Сатира жанрындағы үздік кітап» номинациясында І орын "Атамұра" баспасы шығарған Әзиз Несиннің «Әңгіме оқи отырыңыз» кітабына (аударған Ғ.Қабышұлы) берілді. Бұл – баспаның сапалы аударма мен әдеби мұраны насихаттаудағы табысты еңбегінің тағы бір дәлелі.

Айта кетейік, «Атамұра» баспасы 2025 жылы «Жылдың үздік баспасы» аталымы бойынша І орын иеленген болатын.

Жалпы, көрме барысында жаңа кітаптардың тұсаукесері, автормен кездесулер, автограф-сессиялар және балаларға арналған шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, оқырман қызығушылығын арттырды. Түркия, Испания, Қытай, Ұлыбритания сынды елдердің қатысуы шараның халықаралық деңгейін айқындай түсті.


Комментарии
Другие материалы