Ұлттық кітап күні: танымал жазушылар атыраулық студенттермен кездесті

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/uT7We0JVdm4HavpzWGhC1G8rwuq8LKA3HI9TubQw.jpg

Ұлттық кітап күні апталығы аясында «Бесқонақ – кітапқа ғашық ету амалы» тақырыбында болашақ мұнайшылармен тағылымды кездесу өтті. Мақсаты – жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық әдебиетке деген қызығушылықты арттыру.

Кездесуге елімізге белгілі қаламгерлер қатысып, студенттермен еркін форматта пікір алмасты. Әдеби кеш барысында қаламгерлер кітап оқудың тұлғалық даму мен ой-өрісті кеңейтудегі рөліне ерекше тоқталып, қазіргі қоғамдағы оқырман мәдениетін қалыптастырудың маңызын атап өтті. 

Кітап күні қарсаңында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасын оқудан білімгерлер арасында байқау ұйымдастырылды. Іс-шарада байқау қорытындыланып, университет студенті Ақпейіл Нұраулетова жүлдегер атанды. Жеңімпазға ақын Ерлан Жүніс марапат табыстап, ізгі тілегін білдірді. 

Айта кетейік, биыл өңірде Ұлттық кітап күні алғаш рет апталық ретінде өтуде. Апталық ашық аспан астындағы кітап көрмесімен басталып, оған 300-ге жуық қала тұрғыны қатысты. Рухани іс-шара аясында «Кітап – достық амбассадоры» атты елімізге танымал қаламгерлердің қатысуымен әдеби кездесу өтіп, 4 ірі сауда орны мен республикаға танымал баспалар арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. 

Бүгін іс-шаралар легі «Кітап FEST» фестивалімен қорытындыланады. Фестивальде 9 танымал баспаның 5000-нан астам кітабы жеңілдетілген бағамен ұсынылмақ. Сонымен қатар жыл бойы үздік деп танылған оқырмандар мен кітап клубтары арнайы номинациялармен марапатталады.

Комментарии
Другие материалы