Қытай режиссері түсірген. Қазақ баласының болмысын бейнелейтін «Ботаник» фильмі жарыққа шығады

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/dkxiWxlbG1QDOigIWHOqkRJ5gLlpaFmWjgsoOccZ.jpg

Қытайлық жас режиссёр Цзин И түсірген "Ботаник фильмі" 14 сәуір күні «Ұлттық киноөнері альянсы» арқылы Қытай кинотеатрларында көрсетілімге жол тартады. Бұл туралы Қытайдың Онлайн Халық газеті жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Фильм Қытайдың Шыңжаң өңірінің солтүстігіндегі шекара ауылында өмір сүретін қазақ баласының тағдырын арқау етеді. Туындыда кейіпкер табиғаттағы әрбір өсімдік пен тіршілік иесінің өсіп-өнуі мен жойылуы арқылы өмірдің мәнін, қоштасу мен тамыр тарту ұғымдарын түсіне бастайды. Осы арқылы фильм жасөспірімнің рухани жетілу жолын нәзік әрі әсерлі жеткізеді.

Режиссёр Цзин И үшін бұл — алғашқы толықметражды жұмыс. Оның айтуынша, фильмде қазақ халқының жылқы, бүркіт және өзге де жан-жануарларға қатысты киелі түсініктері мен көне аңыздары көрініс табады. Сонымен қатар туынды табиғаттың адам сезімі мен дүниетанымына ықпалын терең ашып көрсетуге бағытталған.

«Ботаник» фильмі халықаралық деңгейде жоғары бағаланып үлгерді. Атап айтқанда, Берлин халықаралық кинофестивалі аясында «Жаңа буын балалар» байқауында үздік толықметражды фильм атанды. Сондай-ақ Каир халықаралық кинофестивалі кезінде «Халықаралық сыншылар апталығы» секциясында арнайы аталым алып, Netpac сыйлығымен үздік азиялық фильм ретінде танылды.

Бұдан бөлек, Сянган халықаралық кинофестивалі аясында режиссёр үздік режиссёр марапатын жеңіп алса, фильм Халықаралық киносыншылар федерациясының жүлдесіне ие болды. Ал басты рөлді сомдаған Есіл Жақсылықұлы шынайы актерлік ойыны үшін Бейжің халықаралық кинофестивалі «Нұрлы болашақ» секциясында үздік актер атанды.

Табиғат пен адам болмысының терең байланысын көркем тілмен жеткізетін бұл туынды көрерменге ерекше әсер сыйлауы күтіледі.

Комментарии
Другие материалы