Назарбаеваның компаниясы мемлекетке қанша салық қарыз екені айтылды

545
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/rK2ACS8n0FWfWGI7LevX7FEmCokV7PVGq5MfMCxN.jpg

Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы Әнипа Назарбаеваға қатысы бар компания еліміздегі ең ірі салық борышкерлері тізіміне енді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Қазіргі таңда компанияның қарызы 92 млрд теңгеден асады.

«2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша "GROUP OF THE COMPANIES TDA" ЖШС-нің салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегі - 92 307 598 мың теңге»,-деді Мемлекеттік кірістер комитеті.

Комитет өкілдері компанияның өзін банкрот деп тану туралы сотқа талап-арыз бергенін мәлімдеді. Бұл талап-арыз бойынша шешім қазір соттың қарауында.

2026 жылғы 1 қаңтардағы ең ірі салық борышкерлерінің топ-5 тізімі Әнипа Назарбаеваға қатысы бар компания ең ірі салық борышкерлері "анти-рейтингінде" "құрметті" үшінші орынды иеленді:

Ai-To Progress ЖШС – Дәурен Молдағалиев – 111,6 млрд теңге;

Alpha-bet (Альфа-Бэт) ЖШС – Velora Group LTD – 95,1 млрд теңге;

GROUP OF THE COMPANIES TDA ЖШС – Әли Клышпаев, Әнипа Назарбаева – 92,3 млрд теңге;

”OLIMP KZ" букмекерлік кеңсесі ЖШС – Анарбек Жауыров – 85,6 млрд теңге;

GB Invest ЖШС – Файез Наджиб – 47,2 млрд теңге.

2025 жылғы шілдеде «GROUP OF THE COMPANIES TDA» ЖШС Қытайдан тауарды заңсыз әкелгені және салық төлеуден жалтарғаны үшін кінәлі деп танылған. Алматы бойынша ҚМА департаменті компанияның уәкілетті экономикалық оператор мәртебесіне ие бола тұра, Қытайдан 100-ден аса контейнер тауарды заңсыз жолмен кіргізгенін анықтаған.

Сондай-ақ компания қосылған құн салығын, корпоратив табыс салығын және кеден баждарын төлемеу үшін өз бақылауындағы 10 ЖШС-ні пайдаланып, жалған шот-фактуралар рәсімдеген. Келтірілген залал шамамен 10 миллиард теңге болған. Сот іс фигуранттарына 1 жыл 4 айдан 4 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, мүлкін тәркілеген. Қатысушылардың біреуі халықаралық іздеуге жарияланған.

Тергеу барысында компания бюджетке ерікті түрде 643 миллион теңге қайтарғаны айтылды. Сонымен қатар, ЖШС-нің 1,3 млрд теңгеге тауарлары мен 300 млн теңгеге мүлкіне тыйым салынғаны хабарланған. Бұған қоса, тағы 47 контрагент 240 миллион теңге төлеген.

«Group of the Companies TDA» ЖШС 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Компания нақты бір бағытқа маманданбай, түрлі тауарларды көтерме саудамен жеткізумен айналысады. Құрылтайшылары - Әнипа Назарбаева мен Әли Қылышбаев. Әли Қылышбаев 2021 жылдан бастап компанияның басшысы ретінде көрсетіледі.

 

Комментарии
Другие материалы