Өзбек мигранттарының құқығы. Ташкент Мәскеумен келіссөз өткізді

159
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/4qMlDDIdq81MVZxjTEPQXtdpmY92HCpcsoPYCpVZ.jpg

Өзбекстан сыртқы істер министрінің орынбасары Олимжон Абдуллаев республикадағы Ресей Федерациясының елшісі Алексей Ерховпен еңбек көші-қоны мәселелерін талқылады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Кездесу барысында еңбек көші-қонын жетілдіру және көші-қон процестерін одан әрі реттеу мәселелері қаралды», — деп жазды Өзбекстан СІМ.

26 қаңтарда өткен кездесуде Ресей аумағында еңбек етіп жүрген Өзбекстан азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, Ташкент республика азаматтарының, соның ішінде көші-қон заңнамасын бұзған тұлғалардың да құқықтары мен адами қадір-қасиетінің кез келген түрде шектелуіне жол берілмейтінін, оның ішінде көші-қон тексерістері мен рейдтер барысында да, ерекше атап өтті.

«Кездесу тараптардың Өзбекстан Республикасы азаматтарының Ресей Федерациясында заңды түрде еңбек етуіне қолайлы жағдай жасауға және көші-қон процестерін реттеуге бағытталған прагматикалық әрі өзара құрметке негізделген диалогты дамытуға ниетті екенін растады», — делінген хабарламада.

Өзбек мигранттарының құқықтарын қорғау мәселесі Ресейдегі бірқатар оқиғалардан кейін ерекше өзектене түсті. Атап айтқанда, 2025 жылғы маусымда өзбек билігі Мәскеудің Сокольники ауданында күштік құрылымдар жүргізген рейдтен кейін алаңдаушылық білдірген. БАҚ пен куәгерлердің мәліметінше, рейд кезінде мигранттарға физикалық күш қолданылған. Олардың құжаттарын тексеру барысында барлығын бөлмелерден шығарып, баяу қимылдағандарды тепкілеп, балағаттаған. Нәтижесінде 5–6 адам ұсталып, көші-қон режимін бұзғаны үшін Ресейден депортацияланған.

Орталық Азия елдерінен келген мигранттардың Ресейдегі жағдайы 2024 жылғы наурызда «Крокус Сити Холл» концерт залында болған террорлық актіден кейін айтарлықтай нашарлады. Аталған шабуыл салдарынан 140-тан астам адам қаза тапты, ал күдіктілер Тәжікстан азаматтары болып шықты. Осыдан кейін жатақханаларда, хостелдерде және шетелдіктер көп жиналатын орындарда рейдтер жиілеп, депортацияланғандар саны күрт өсті.

2024 жылдың жазында Ресей депутаттары көші-қон заңнамасына бірқатар ірі өзгерістер енгізді. Полицияның шетел азаматтарын бақылау өкілеттіктері кеңейтілді. Құқық қорғау органдары енді сот шешімінсіз мигранттарды 48 сағатқа дейін ұстауға және депортациялау туралы шешім шығаруға құқылы.

Комментарии
Другие материалы