Тәжікстан Ирандағы жағдайға байланысты алаңдаушылық білдірді

589
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ym0WouzWnZJd0SSmwJ6YMzBuFENgo6hIPwd8pdRd.jpg

Тәжікстан Таяу Шығыстағы, әсіресе Иран төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты алаңдаушылық білдіріп, кез келген әскери әрекеттерге қарсы екенін және барлық қақтығысты тек бейбіт түрде реттеуді қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ел тараптарды БҰҰ жарғысының қағидаттарын, халықаралық құқық нормаларын сақтауға және өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге күш салуға шақырды.

Осылайша Душанбе АҚШ-тың Иран жағалауларына жақын орналасқан Парсы шығанағындағы әскери қатысуын күшейтуіне жауап қатып отыр.

Бұған дейін аталған аймаққа АҚШ-тың Abraham Lincoln атты әуе тасымалдаушы кемесінің келгені белгілі болды. Сарапшылардың мәліметінше, бұл кемеде 90-ға жуық ұшақ пен тікұшақ орналаса алады, ал кеме тобының құрамына «Томагавк» зымырандарымен жабдықталған үш эсминец те кіреді.

Бірқатар БАҚ-та АҚШ әскері өткен жылдың соңынан бері жалғасып келе жатқан жаппай наразылықтарды қатаң басып-жаншығаны үшін Иран Ислам Республикасына соққы беруге дайын деген ақпарат тараған еді. АҚШ президенті Дональд Трамп әуе тасымалдаушы топтың қозғалысына қатысты пікір білдіріп, «тамаша армада» Иран жағалауларына жақындап келе жатқанын айтқан. Ақ үй басшысы Тегеранмен келісімге келуге үміттенетінін жеткізгенімен, тараптар нақты қандай мәселелер бойынша уағдаласуы тиіс екенін нақтыламады.

Айта кетейік, Ирандағы жаппай наразылықтар 2025 жылғы 28 желтоқсанда басталған. Сол күні Тегерандағы базар саудагерлері банкрот болу қаупіне қарсы наразылық ретінде дүкендерін жаба бастаған. Көп ұзамай кәсіпкерлерге олардың тұтынушылары, кейін елдегі ең саяси белсенді топ саналатын студент жастардың едәуір бөлігі қосылған.

Билік бұл оқиғаларға сыртқы күштердің араласуы себеп болды деген нұсқаны алға тартып, АҚШ пен Израильді айыптады. Көп ұзамай бүкіл ел бойынша интернет өшірілді. Соған қарамастан, желіде Ислам революциясы сақшылар корпусының наразылықтарды күшпен таратып, жаппай тұтқындаулар жүргізгенін дәлелдейтін бейнематериалдар пайда болды.

Ирандағы қаза тапқандар саны 4 мыңнан 30 мың адамға дейін жетуі мүмкін деген бейресми ақпарат бар. Алайда үкіметтің ресми дерегіне сүйенсек, тәртіпсіздіктер кезінде 3117 адам қаза тапқан, олардың 690-ы «террористер» деп аталған.

Сондай-ақ Иран билігі жаппай наразылықтар кезінде елде шамамен 30 мың адам қаза тапты деген ақпаратты жоққа шығарды. Осы мәлімдемелермен қатар, Тегеран АҚШ, Израиль және бірқатар террористік ұйымдарға қарсы «Иранның ұлттық қауіпсіздігіне қарсы бағытталған диверсиялық әрекеттерді қолдады және қаржыландырды» деген айыппен халықаралық сот органдарына талап-арыз жолдайтынын хабарлады.

Айта кетейік, әзірге Орталық Азияның Тәжікстаннан басқа елдері бұл мәселеге қатысты реакция білдірмеді.

Комментарии
Другие материалы