Теңіз кен орындағы өндіріс қайта жанданды. Бұл туралы «Теңізшевройл» компаниясы мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".
Компания электр жүйесін қауіпсіз іске қосқанын және мұнай өндірудің алғашқы кезеңі басталғанын растады. Мұнай көлемін арттыру жүйелердің дайын болуы және өндірістік жағдайларға қарай біртіндеп жүргізілетін болады. Алайда ТШО қай кен орнында өндіріс қайта басталғанын нақтылаған жоқ.
«Теңізшевройл» (ТШО) электр энергиясын тарату жүйесінің қауіпсіз іске қосылғанын және шикі мұнайдың бастапқы өндіру жұмыстарының қайта басталғанын растайды. ТШО мүмкіндікке қарай өндіріс көлемін кезең-кезеңімен арттыру үстінде. ТШО қауіпсіз әрі сенімді өндірісті қамтамасыз ету қағидаттарына адал болып қала береді. Бұдан өзге ТШО өз өндірістік қызметінің егжей-тегжейлеріне түсініктеме бермейді», – делінген хабарламада.
Еске салсақ, 18 қаңтарда «Теңізшевройл» мұнай компаниясының Атырау облысы Жылыой ауданында орналасқан зауыт трансформаторынан өрт шығып, жүздеген жұмысшы эвакуацияланды. Өрт жедел сөндірілген, зардап шеккендер жоқ. Соның салдарынан «Теңіз» және «Королев» мұнай кен орындарында мұнай өндіру уақытша тоқтаған болатын.