Қарағандыда спорт саласындағы жоғары деңгейдегі жанжал салдарынан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев жарақат алды. Әлеуметтік желілерде Серік Сәпиев пен оның орынбасары арасындағы төбелес қызу талқылануда, деп хабарлайды "Адырна".
Оқиға 21 қаңтар күні кешкісін Бұқар жырау даңғылы бойында орын алған. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, жарақат салған күдікті ретінде Сәпиевтің орынбасары Дәурен Есімханов аталды.
Қарағанды облыстық Полиция департаменті Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы бойынша ұрып-соғу фактісімен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Онда ешқандай есімдер аталмаған. Сондай-ақ, «оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда, ал тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді» деп көрсетілген.
Серік Сәпиев – Қарағанды облысының спорт басқармасын басқаратын танымал спортшы, Олимпиада чемпионы. Ал жанжалға қатысы бар екінші адам – самбодан Азия және әлем чемпионатының жеңімпазы Дәурен Есімханов.