Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында жаңа Парламентке «Құрылтай» деген атау беруді ұсынды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Президенттің айтуынша, Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалу керек. Ол бұл бастаманы алғаш рет 2022 жылы көтергенін атап өтті.
«Болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірімді айтсам, қысқаша айтқанда Құрылтай деген атауды беру керек деп сенемін. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті әрі жақын. Құрылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын мен 2022 жылы көтердім. Еліміздің саяси жүйесінде бұл атауды аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалу керек деп ойлаймын», – деді Президент.
Бұдан бөлек, бірпалаталы Парламенттің депутаттар саны 145 болмақ, Ұлттық Құрылтайдың функциялары «Халық кеңесі» атты жаңа кеңесші органға берілетін болады.
«Халық кеңесі» құрамына 126 адам кіреді:
42 этномәдениет бірлестіктер өкілі
42 мәслихат өкілі
42 қоғамдық ұйым өкілі
Халық кеңесінің кеңесі жылына бір рет өткізіледі. Мемлекет басшысы бірпалаталы Парламент туралы бастаманың халық тарапынан қолдау тапқанын атап өтті.