Дауыл салдарынан Ақтөбедегі ауыл мектебінің шатыры ұшып кеткен

103
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ZBRBFJUgQKxrbuWdYHd6jH7YRGfi3swAC7g5uEjD.webp

Ақтөбе облысында қатты жел салдарынан ауыл мектебінің шатыры опырылып кетті. Бұл туралы желіде бейнежазба тарады, деп хабарлайды "Адырна".  

Оқиға Алға ауданына қарасты Бестамақ ауылында тіркелген. Бейсенбі күні өңірде дауылды жел соғып, оның екпіні секундына 25 метрге дейін жеткен. Табиғаттың тосын мінезінен мектеп ғимаратының шатырына зақым келіп, құрылымның тең жартысы ұшып кетті.

Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада қатты желдің шатырды шайқап тұрғаны анық көрінеді. Осы жағдайдан кейін төтенше жағдайлар қызметінің мамандары оқиға орнына жедел жетіп, залалды тіркеді. Алға ауданының әкімі Асланбек Шүйіншалиевтің айтуынша, апат болған күні оқушылар қауіпсіздік мақсатында онлайн форматта білім алған.

«Бейсенбі күні қатты жел болды. Сол күні желдің жылдамдығы секундына 25 метрге дейін жетті. Мектеп шатырының бір жақ бөлігі ұшып кетті. Ол күні балалар онлайн оқыды. Қазіргі кезде қажетті құрылыс материалдары жеткізілді, қалпына келтіру жұмысы басталды. Жұмыс бір аптада аяқталады, оқу процесіне кедергі келтірмейді», — деді аудан әкімі. 

Айта кетейік, Бестамақ орта мектебі 1970 жылдары салынған. 2023 жылы бұл білім ұясы облыстағы тірек мектептердің қатарына енгізілген. Соңғы жылдары оқу кабинеттері жаңартылып, өзге мектептерге үлгі ретінде ұсынылған болатын. Қазіргі таңда мектеп ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары бақылауға алынып, балалардың қауіпсіздігі басты назарда.

Комментарии
Другие материалы