Иранға жаңа басшы қажет – Трамп

96
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/SWgigG8YAQqoKGxsvrbMGGfh32MXExfTFwS9SkQx.jpg

АҚШ президенті Дональд Трамп Ирандағы жаппай наразылықтарға байланысты қатаң мәлімдеме жасап, елдің жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеиге биліктен кетуін талап етті. Ол Ирандағы наразылық білдірушілердің жаппай қаза табуы мен елдегі күйзеліс үшін жауапкершілікті тікелей Хаменеиге жүктеді.

«Иранда жаңа басшылықты іздейтін уақыт келді. Оның (Хаменеи — ред.) өмірінде қабылдаған ең дұрыс шешімі — екі күн бұрын 800-ден астам адамды дарға асуға бармағаны», — деді Трамп Politico басылымына берген пікірінде.

Бұл мәлімдеме биліктегі режимнің отставкасын талап еткен жаппай наразылықтардың бәсеңдегені туралы хабарлар аясында айтылды.

Трамптың бұл сөзі Хаменеи X әлеуметтік желісінде АҚШ президентіне қарсы бірқатар қатаң мәлімдеме жариялап, Ирандағы зорлық-зомбылық пен тәртіпсіздіктер үшін оны айыптағаннан кейін айтылды.

«Біз АҚШ президентін иран халқына келтірілген құрбандар, залал мен жала үшін кінәлі деп санаймыз», — деп жазды Хаменеи.

Басқа бір жазбасында ол Трампты зорлық-зомбылық жасайтын топтарды иран халқының өкілдері ретінде көрсетіп отыр деп айыптады.

Ақ үй басшысы өз кезегінде «Тегерандағы билік репрессия мен зорлыққа сүйеніп отырғанын» атап өтті.

Айта кетсек, Аятолла Әли Хаменеи Иранды 37 жылдан бері басқарып келеді және елдің саяси әрі діни жүйесіндегі негізгі тұлға саналады. Иранның ресми билігі Трамптың мәлімдемесіне әзірге пікір білдірген жоқ.

Бұған дейін, 13 қаңтарда, АҚШ президенті Дональд Трамп ирандықтарды наразылықты жалғастыруға, «институттарды басып алуға», сондай-ақ «өлтірушілер мен зәбір көрсеткендердің» есімдерін тіркеуге шақырып, олардың «үлкен баға төлейтінін» мәлімдеген болатын.

«Наразылық білдірушілерді мағынасыз өлтіру тоқтатылғанға дейін ирандық шенеуніктермен барлық кездесулерді тоқтаттым. Көмек жолда», – деп жазды Трамп 13 қаңтарда өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде.

Келесі күні, 14 қаңтарда, Трамп өзіне Ирандағы кісі өлтірулердің «бәсеңдегені» туралы хабарланғанын айтты. Алайда наразылыққа қатысушылар мұны АҚШ президентінің «сатқындығы» деп бағалады.

«Өте маңызды дереккөз бізге екінші тараптан Ирандағы өлім жазалары тоқтатылғанын хабарлады. Бұл рас па, жоқ па – анықтаймыз. Солай болғанына үміттенемін», – деді Трамп журналистерге. Алайда ол бұл ақпарат көздерін нақты атамады.

АҚШ-тың Иранға қарсы әскери әрекеттері қарастырылып жатыр ма деген сұраққа жауап берген Трамп мүмкін болатын әскери қимылдарды жоққа шығармай, «біз процесті бақылап отырамыз» деп мәлімдеді.

Комментарии
Другие материалы