Су тапшылығы келе жатыр. Көлеңкелі схемалар қала бере ме?

251
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/dAJowuqAyBu4dCqMyYHGrLttmp5G21J9dAeFrFHt.jpg

Қазіргі таңда еліміз бірегей су тапшылығы жағдайында тұр. Су ресурстарының жартысынан астамы Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей сияқты көршілес елдерден келеді. Бұл туралы сарапшы Азамат Қауазов айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ол әр көрші елмен келісімдер жүйесін қалыптастыру қажеттігін мәлімдеді.

«Жағдайды климаттың өзгеруі жиі қиындатады. Соның салдарынан тәуекелдер артып, су тапшылығы күшейе түседі. Осы тұрғыда жер асты суларын пайдалану қалыптасқан жағдайдан шығудың тиімді жолы болып отыр»,-деді Қауазов.

Сарапшы суды үнемдеу технологияларын, әсіресе, ауыл шаруашылығында қолданудың маңыздылығын атап өтті. Бұл 2026 жылдың вегетациялық кезеңінде болжанып отырған 1 млрд текше метрге дейінгі су тапшылығы аясында аса өзекті.

«Цифрландыру мен су үнемдеу технологияларын енгізу — қолданыстағы проблемаларды шешуге бағытталған нақты қадам. Ауыл шаруашылығында суару жүйелері арқылы су жеткізіледі, алайда олардың басым бөлігі бетондалмаған, жер арналардан тұратындықтан, су шығыны 50 пайызға дейін жетеді. Еліміздің оңтүстігінде мақтаны күріш секілді бастырып суару әдісімен суаратын жағдайларды өз көзіммен көрдім. Бұл бақылаудың жоқтығы мен судың арзандығынан болып отыр. Фермерлер оны үнемдеуге мүдделі емес. Бағаның төмендігі «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қаржыландыруды аз алуына әкеліп, суару желілерін тиісті деңгейде ұстауға мүмкіндік бермейді»,-деп түсіндірді ол.

Қауазовтың пікірінше, цифрландыру шығындарды нақты есептеуге, су ресурстарын тең бөлуді қамтамасыз етуге көмектеседі. Маусым кезінде суға деген сұраныс шарықтау шегіне жетіп, ресурстар бір мезетте жетіспеуі мүмкін. Мұндай жағдайда автоматтандырылған есептегіштер мен диспетчерлік жүйелер су шығынын тіркеп, басқарушылық шешімдерді нақты деректерге сүйене отырып қабылдауға мүмкіндік береді.

Сарапшы фермерлерді суару нормаларына үйрету, дақылдарды әртараптандыру және суды нақты есепке алу маңызды екенін атап өтті. "Бұл шаралар қолданылған жағдайда құқық қорғау органдарын тартудың қажеті болмайды, себебі қазіргі уақытта су тапшылығына байланысты кейбір көлеңкелі схемалар қалыптасып отыр: Біреулер арналарға заңсыз қосылады немесе пайдаланылған судың көлемін азайтып көрсетеді. Автоматтандырылған жүйелер бұл мәселені толық шешуге қауқарлы",- дейді маман.

Сондай-ақ ол биылғы жылға қатысты су тасқыны мен қуаңшылық туралы түпкілікті болжам жасау әзірге ерте екенін айтты. 

«Биыл қар мөлшері әдеттегіден аз, сондықтан алдын ала бағалау бойынша көктемде айтарлықтай су тасқыны болуы екіталай. Алайда бұл алдын ала болжам: ақпанның соңында немесе наурыз айында қар жаууы мүмкін, сондай-ақ көп нәрсе көктемнің өз сипатына байланысты. Қар жамылғысы аз болғанның өзінде күрт еру немесе жауын-шашынды ауа райы су тасқынына жағдай туғызуы ықтимал»,- деп атап өтті сарапшы.

Комментарии
Другие материалы