Ресейлік құтқарушыларға тікұшақтар жетпей жатыр

133
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/gigrRIAdJ4lQWE4gIdVgsZZtcgeeW3mtpkRjIrPr.webp

Ресейдің бірқатар өңірінде құтқару авиациясына тікұшақтар жетпей жатқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қазіргі таңда Ресейде авиация бекіткен 111 кезекшілік пунктінің 31-інде құтқару мақсатында қолданылатын Ми-8 тікұшақтары мен Ан-26 ұшақтары жеткіліксіз. Мамандар бұл жағдай апат құрбандарына уақытылы көмек көрсетуге кері әсер етуі мүмкін екенін атап отыр.

Анықтамаға сәйкес, Росавиация құрамында авиациялық-ғарыштық іздеу және құтқарудың бірыңғай жүйесі жұмыс істейді. Бұл қызмет әуе және теңіз апаттары кезінде зардап шеккендерді құтқарумен айналысады. Құтқарушылар тікұшақтарды әуе компанияларынан жалға алып, төтенше жағдай орнына аттанады.

Әуе кемелерінің тапшылығы Воронеж, Калининград, Екатеринбург, Новосибирск, Чита, Қазан, Симферополь, Южно-Сахалинск, Комсомольск-на-Амуре, Николаевск-на-Амуре, Ростов-на-Дону, Нижний Новгород, Жуковский, Горно-Алтайск және Абакан қалаларында тіркелген.

Тасымалдаушы компаниялар мемлекеттік тарифтер көтерілмейінше іздеу-құтқару жұмыстарына қатысуға құлықсыз. Сарапшылардың айтуынша, төмен тарифтер тікұшақтардың техникалық жарамдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермей отыр.

2025 жылы кемінде 11 қалада Ми-8 тікұшақтарын пайдалану арқылы іздеу-құтқару жұмыстарын ұйымдастыруға арналған мемлекеттік тендерлерге қатысушылар табылмаған. Абаканда тендер үш рет өтпей қалған. Кейін келісімшарт құны 114 млн рубльден 119 млн рубльге дейін өссе де, бұл жағдай өзгермеген.

Комментарии
Другие материалы