Нұрсұлтан аталып тұрған шыңды Қаңтар шыңы деп атасақ

432
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/8268aYczM27dh7EnJsJ5Y4p6mELri5qg6Farx5Z3.jpg

Жексенбі күні Алматы желкесіндегі ең биік шыңға шығып келдік. Кәнігі альпинист Ершат Аязбаев достың жүрісіне анау-мынау жігітің шыдас бермес білем. Қамшы салдырмай үзеңгілесе жүріп отырдым. Талғар асуынан аттанып, төрт сағатқа толтырмай шың басына жетіп тізгін тарттық. Әу баста, тауға құмар басталған шақта етегіне барып бір қонып, ертесіне жетуші едік…

Теңіз деңгейінен 4376 метр биіктікте тұрған бұл шың Алматының кез келген тұсынан мен мұндалап тұрады. 1935 жылға дейін Кіші Алматы шыңы деп аталған. 1935 жылдан 1997 жылға дейін Комсомол атауында болды. Одан кейін Нұрсұлтан аталды. 2023 жылы Алматы шыңы болып өзгерді. Бірақ бұл атау Қазақстан географиялық атауларының тізілімі базасында ресми жарияланған жоқ. Демек, Қазақстан альпинизм федерациясы аясында ғана аталып жүрген сыңайлы.

Шың басындағы “Алматы шыңы Almaty peak” деп жазылған тақтаны екі жыл бұрын осы Ершат орнатқан. 

Салыстырғанда Алматы шыңы Үлкен Алматы көлінің иық тұсындағы Үлкен Алматы шыңынан 696 метрге биік. Қазақ тауды, шыңды атағанда оның үлкен немесе биіктігіне байланысты ат қоймайды. Маңайындағы өзен-суға қарата атайды. Демек, Үлкен Алматы шыңын Үлкен Алматы өзенінің бастау аңғарына, Үлкен Алматы көліне тели атаса керек…

Шың басында тұрып мынадай ой келді: Әлі де ресми түрде Нұрсұлтан аталып тұрған бұл шыңды Қаңтар шыңы деп атасақ. 

Қаңтар көтерілісінің құрбандарына құрметіміз болсын. Алматыдан сайланған белсенді депутаттарымыз Ермұрат Бапи, Бақытжан Базарбек мырзалар бұл бастаманы Мәжіліс мінберінен көтерсе игі.

Yerengaiyp Quataiuly

 

 

 

 

 

 

Комментарии
Другие материалы