Назарбаевтың Қазақстаннан шығуына тыйым салу ұсынылды

173
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/TrHqsJMIc8qEiEcu6f2KkG612xgRPjSzMad1ry5k.jpg

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік құпияларға қол жеткізген бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалардың шетелге шығуын заңнамалық тұрғыда реттеуді ұсынды, деп хабарлайды “Адырна”.

«Бұл не қылған сүмеңдеген жүріс?! Кезінде жеке өзі билеп-төстеп, бір шыбықпен айдаған халқы пана болмайтынын сезген сорақының қорлығы ғана ма?

Әлбетте бұл тіленшектік Қазақстанға, қазаққа қарайлас қарекет емес, әдеттегідей тойымсыз жеке бастың қамы болса керек! Сондықтан елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік құпияны білетін тұлғаның (экс-президент болсын, министр немесе басқа да лауазымгер болсын) шет елге шығу мүмкіндігін реттейтін заң қажет шығар. Қалай ойлайсыңдар, заңгер-депутат әріптестер, біз осындай заңға бастамашылық жасай аламыз ба?» – деп жазды ол Facebook парақшасында.

Бәпи бұл мәселені Қытайдағыдай эмиграцияны шектеу тетіктерінің халықаралық міндеттемелер мен мемлекетаралық конвенцияларға қаншалықты қайшы келуі мүмкін екені тұрғысынан көтеріп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, депутаттардың өздері де мемлекеттік құпияға қатысты талаптарды сақтауға міндетті.

«Бұны сіздерден ерекше сұрап отырған себебім - Қытайдағы сияқты шетке шығуды шектейтін заң біздің елдің халықаралық міндеттемелері мен мемлекетаралық конвенцияларға қаншалықты қайшы келуі мүмкін? Мәселен, біз депутат ретінде мұндай мемлекеттік құпиялық қажеттілікке мойынсұнуға мәжбүрміз.

Ал бұған және Қожамжаров сияқты басқаларға елдің қауіпсіздік қамына орай күнібұрын шекаралық "қызыл жалауша" қоюға болмай ма? Бұл қабылдаудың саяси мазмұнын Кремль қалай қабылдайтынын қайдам, ал экс-президенттің ішіндегі "қызыл иті" елдің мемлекеттік билігі мен Қазақстан халқына сес көрсетуі деп түсінеміз бе?» – деп түйіндеді депутат.

Еске салайық, бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Кремльде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен болатын. Айта кетейік, қызметінен кеткеннен кейін экс-президент Назарбаев Путиннің қабылдауында жиі болып тұрады. Ал 2025 жылдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаевтың отставкадан кейін саяси әдептілік таныта бермегеніне назар аударған еді.

Комментарии
Другие материалы