«Ешқандай күмән болмауы тиіс». Ресей СІМ Ақтау маңындағы ұшақ апатының тергеуіне қатысты пікір білдірді

63
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/d0EqlLNVjtFgddEQCEv2ya4kUPNvZANZJIXNFYc0.webp

Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова бір жыл бұрын Ақтауда болған әуе апатына қатысты тергеу барысына пікір білдірді. Бұл туралы ведомствоның ресми сайты жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Захарова әуе апатын «баршаға ортақ трагедия» деп атады, өйткені оқиға салдарынан Ресей, Әзербайжан және Қазақстан азаматтары қаза тауып, Қырғызстан азаматтары зардап шеккен.

«Жақындарынан айырылған барлық адамдардың қайғысы мен қасіретін толықтай бөлісеміз. Апаттың бастапқы себебі — Киев режимінің Ресейдің азаматтық инфрақұрылым нысандарына қарсы ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жасаған террористік шабуылдары», - деді Ресей ведомствосының өкілі.

Ол бұған дейін Владимир Путиннің трагедиялық оқиғаның Ресей әуе кеңістігінде болғанына байланысты Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтен ресми түрде кешірім сұрағанын еске салды.

«Апаттың барлық мән-жайын халықаралық тергеу Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі жанынан құрылған арнайы комиссия жүргізіп жатыр. Ресей тарапы осы құрылыммен тығыз ынтымақтастық орнатып, қажетті көмектің барлығын көрсетуде. Ресейдің авиациялық органдары қазақстандық әріптестерден түскен барлық сауалдарға жауап берді.

Жақын уақытта қазақстандық комиссия тергеуді аяқтайды және біз бұл қайғылы оқиғаға қатысты қалған барлық сұрақтарды бірлесіп жабамыз деп үміттенеміз. Бұған ешкімнің күмәні болмауы тиіс», - деп түйіндеді Захарова.

Еске салайық, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Баку – Грозный бағытымен ұшқан J2-8243 рейсі Ақтау маңында апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты, 29 адам зардап шекті.

Бөгде металл заттарға жасалған сараптама жарылғыш заттардың ізін анықтаған жоқ, оттегі баллондарында жарылыс белгілері жоқ.

Әуе кемесінің зақымдануы оқ-дәрі бөліктерінің зақымдаушы элементтерінен болуы мүмкін деген болжам айтылғанымен, олардың нақты қайдан шыққаны анықталмаған.

Комментарии
Другие материалы