Сотталған азаматтарға бала асырап алуға тыйым салынады

156
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/LA5lxzxY7Q1ZNuKDbJxHJPUZmvZFZ2lQmV287gIC.jpg

Елімізде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау жүйесін күшейтуге бағытталған бірқатар маңызды шешім қабылданды. Оның қатарында 2026 жылғы 4 ақпанда күшіне енетін жаңа заң бар, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Жаңа заң нормаларына сәйкес, сотталған азаматтар енді бала асырап ала алмайды. Егер бала тәрбиелеу кезінде қамқоршы, қорғаншы немесе асырап алған ата-ананың соттылығы анықталса, сондай-ақ олардың психикалық немесе наркологиялық диспансерде есепте тұрғаны белгілі болса, мұндай тұлғалар бала тәрбиелеу құқығынан дереу айырылады. Сонымен қатар, үстінен қылмыстық іс қозғалған азаматтарға бала асырап алуға, қамқоршы, қорғаншы немесе патронат тәрбиеші болуға тыйым салынады.

«Бұл шектеулер балаларды қауіп-қатерден қорғап, қауіпсіз орта қалыптастыруды көздейді»,-делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, заңнамаға алғаш рет қамқоршылар, қорғаншылар, патронат тәрбиешілер мен асырап алған ата-аналар тарапынан жыл сайын сенімділікті растау міндеті енгізілген. Олар денсаулығы, тұрғылықты мекенжайы, соттылығының жоқтығы туралы мәліметтерді тұрақты түрде ұсынуы қажет. Сонымен қатар жаңа заң бойынша баланы алдымен жақын туыстарына, ал ондай мүмкіндік болмаған жағдайда — ерлі-зайыпты отбасыларға беру тәртібі заңмен нақты бекітілді.

«Жетім балалардың құқықтарын қорғау – үнемі жүйелі назарды талап ететін маңызды сала. Биыл қабылданған шаралар қолданыстағы тетіктерді нығайтып, қамқоршылық органдарының жұмысын баланың мүддесі мен қауіпсіздігін басшылыққа ала отырып ұйымдастыруға жол ашты», – деді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Комментарии
Другие материалы