Мирзиёев «Орталық Азия қауымдастығы» атты стратегиялық әріптестік форматын құруды ұсынды

833
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/7zuctRRJe0ST6HK9xO11K6cb31LAfRLXoooo1nJc.webp

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев өңірлік жоғары деңгейдегі консультативтік кездесулерді стратегиялық форматқа – «Орталық Азия қауымдастығына» айналдыруды ұсынды. Ел басшысының пікірінше, бұл бастама мемлекетаралық ынтымақтастықты айтарлықтай нығайтады. Өзбекстан лидері бұл ұсынысты Ташкентте өткен Орталық Азия елдері басшыларының жетінші Консультативтік кездесуінде айтты, деп хабарлайды "Адырна" порталы Өзбекстан президентінің баспасөз қызметіне сілтеп.

Өз сөзінде Мирзиёев бірқатар бастама көтерді. Соның ішінде:

  • қоғамдық беделі жоғары, өмірлік тәжірибесі мол қайраткерлерден Ақсақалдар кеңесін құру, бұл ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, өңірлік бірегейлікті күшейтеді;

  • Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымын 1,5–2 есе арттыру мақсатында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару;

  • әкімшілік кедергілерді азайту, салық және кеден рәсімдерін жеңілдету, еркін экономикалық және өнеркәсіптік аймақтарды бірлесіп пайдалану.

Мирзиёевтің айтуынша, 2035 жылға дейінгі сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың кешенді өңірлік бағдарламасын қабылдау аймақтық сауданың өсуіне қолайлы жағдай жасайды.

Сонымен қатар, өңірлік инвестициялық климатты қалыптастыру үшін бірыңғай инвестициялық кеңістік туралы Декларация қабылдау қажеттілігі айтылды. Электрондық коммерцияны дамытуға бағытталған ортақ бағдарлама құрып, виртуалды сауда алаңдарын және сенімді цифрлық төлем жүйелерін енгізу ұсынылды.

Мирзиёев көлік дәліздерін, энергетикалық инфрақұрылымды, соның ішінде электр станцияларын, электр желілерін, жолдар мен шекара өткелдерін жаңғырту маңызды екенін атап өтті. Мұндай жобаларды үйлестіру үшін премьер-министр орынбасарлары деңгейінде Инфрақұрылымды дамыту кеңесін құру ұсынылды.

Өзбекстан басшысы Ауғанстанды өңірлік бастамаларға интеграциялау мәселесіне де тоқталды. Ол Амудария бассейнінің су ресурстарын бірлесіп пайдалану жөніндегі диалогқа Кабулды тарту қажеттігін айтты. Су тапшылығының күшеюін ескере отырып, Мирзиёев 2026–2036 жылдарды Орталық Азияда суды ұқыпты пайдаланудың онжылдығы деп жариялауды ұсынды.

Президент Ташкенттегі Ислам өркениеті орталығы жастардың ғылыми және рухани ортаға тартылуына ықпал ететін маңызды орынға айналатынына үміт білдірді. Сондай-ақ ғылыми жобаларды қаржыландыратын, академиялық қауымдастықты қолдайтын және жасанды интеллект технологияларын дамытуға мүмкіндік беретін Ғылыми-зерттеу қорын құруды ұсынды.

Мирзиёев саммитте Әзербайжанның өңірлік диалогқа қосылуын құптады. Оның айтуынша, Әзербайжан Орталық Азиямен тарихи, мәдени және рухани байланысы бар мемлекет. Саммиттің басты мақсаты – тұрақты, қауіпсіз және өркендеген Орталық Азия құру.

«Біздің күшіміз – бірлікте. Қарым-қатынасымыздағы өзара құрмет пен ынтымақтастық арқылы ғана ортақ мақсаттарға жете аламыз», – деді Өзбекстан басшысы.

Кездесу қорытындысында Орталық Азия елдері мен Әзербайжан президенттері бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Сонымен қатар төмендегі құжаттар мақұлданды:

  • БҰҰ-на мүше мемлекеттерге 2027–2028 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қырғызстанның кандидатурасын қолдау туралы үндеу;

  • Әзербайжанның Орталық Азия елдері басшыларының Консультативтік кездесуіне толыққанды қатысу туралы шешім;

  • Орталық Азиядағы өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылық тұжырымдамасы;

  • 2026–2028 жылдарға арналған қауіпсіздік қатерлері каталогы және оларды алдын алу шаралары.

Жетінші Консультативтік кездесу 16 қарашада Ташкентте өтті. Саммитке Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердымұхамедов және Орталық Азия үшін БҰҰ-ның алдын алу дипломатиясы жөніндегі өңірлік орталығының жетекшісі Каха Имнадзе қатысты.

Комментарии
Другие материалы