Яна Легкодимованың өліміне кінәлілер өмір бойына бас бостандығынан айырылды

747
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/XMy4bbhLj2kefXv6ilZerGsF04VRvxB5xpqVC7cd.jpg

Атырауда Яна Легкодимованың өліміне қатысты қылмыстық іске нүкте қойылды. Бүгін мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сот айыпталушылар Ризуан Қайыржанов пен Алтынбек Катимовке қатысты үкімін жариялады, деп хабарлайды "Адырна".

 Сот шешімімен Қайыржанов пен Катимов ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 7 және 8-тармақтарында көзделген аса ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

"Жаза мерзімі олардың ұсталған күні 2024 жылғы 22 қазаннан бастап есептеледі. ҚР ҚК-нің 62-бабы 3-бөлігінің 1-тармағына сәйкес, Қайыржанов пен Катимовтың үкім заңды күшіне енгенге дейін қамауда болған уақыты жазаның бір күніне бір күн есебімен толықтай қосылады", - деді судья.

 Сот азаматтық талапты да қарады. Марқұмның анасы Галина Легкодимованың азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, айыпталушылардан материалдық шығын ретінде 1 955 070 теңге өндіріледі.

 Сонымен қатар сотталушылар Қайыржанов пен Катимовтен жәбірленуші Галина Легкодимованың пайдасына әрқайсысынан 15 000 000 теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіру туралы шешім қабылданды.

 Мемлекет кірісіне сот Қайыржанов пен Катимовтен 21 517 теңге көлемінде мемлекеттік бажды өндіруді міндеттеді.

 Айыпталушыларға сот үкімінің талаптарын орындау үшін екі ай мерзім белгіленді.

 Бұған дейін өткен сот отырысында мемлекеттік айыптаушы істің ауырлығын, қылмыстың қоғамға қауіптілігін атап өтіп, айыпталушыларға ең қатаң жаза қолдануды сұраған болатын. Прокурор екі күдіктіге де өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынған еді. Сонымен қатар Яна Легкодимованы өлтірді деп айыпталғандардың жазасы қатаңдаған еді.

 

 

Комментарии
Другие материалы