Шатдаун салдарынан АҚШ-та 1400-ден астам әуе рейсі тоқтатылды

744
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/nPHEzVITuZQzAGOyYeXNt471hCdOt28IXUPWLjAr.webp

Фото: Getty Images

АҚШ-та федералдық үкіметтің жұмысы уақытша тоқтатылғаннан кейін сенбі күні елдегі ішкі және халықаралық 1400-ден астам рейс кешіктірілді немесе тоқтатылды. Бұл аптада әуе компанияларына рейстер көлемін қысқарту туралы нұсқау берілген болатын, деп хабарлайды “Адырна”.

FlightAware қызметінің мәліметіне сәйкес, шамамен 6000 рейс кешіктірілді, ал жұма күні бұл көрсеткіш 7000-нан асып кеткен.

Апта басында АҚШ Азаматтық авиация федералдық басқармасы (FAA) елдегі ең жүктелген 40 әуежайда әуе тасымалы өткізу қабілетін кемінде 10 пайызға қысқартатынын хабарлаған. Бұл шешім шатдаун кезінде ақысыз жұмыс істеп жүрген әуе диспетчерлерінің шаршауына байланысты қабылданды.

Республикалықтар мен демократтар Конгресте үкіметтің қаржыландыру мәселесі бойынша әлі келісе алмай отыр. 1 қазаннан басталған шатдаун 39 күнге созылып, АҚШ тарихындағы ең ұзақ үкімет тоқтауына айналды. Сенбіде сенаторлар Вашингтонда екіжақты келіссөздер жүргізуге жиналды. Олардың басты мақсаты – шатдаунды аяқтау, себебі оның салдары көбірек америкалықтарға сезіле бастады: азық-түлік көмегінің қысқаруы және әуе қатынасындағы үзілістер.

American Airlines компаниясы сенбі күні жасаған мәлімдемесінде Вашингтондағы көшбасшыларға шатдаунды дереу тоқтатуды талап етті.

Нью-Джерсидегі Ньюарк Либерти халықаралық әуежайында рейстерді күту уақыты ең ұзақ болды. FAA деректері бойынша, сенбі күнгі түскі уақытқа дейін әуежайға келу рейстері орта есеппен төрт сағаттан кешіктірілсе, ұшу шамамен бір жарым сағатқа кешіктірілді.

Бұл жағдай АҚШ-тағы әуе қатынасына айтарлықтай әсер етіп, елдегі азаматтарға ыңғайсыздық туғызды.

Комментарии
Другие материалы