Қарағанды облысының археологтары Ақтоғай ауданындағы Қарабие қорымында 2,5 мың жылдан астам уақыт бұрын өмір сүрген ерте сақ дәуіріне жататын жерлеу орнын тапты. Бұл жаңалықты облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.
Экспедицияны музейдің жалпы тарих, археология және этнография бөлімінің меңгерушісі Даурен Жүсіпов басқарған. Оның айтуынша, қорған дөңгелек пішінді, үсті тастармен жабылған, ал жерлеу орны бұзылмаған күйінде сақталған.
«Біз әдеттегі сақ заманының қалдықтарын табамыз деп ойладық. Алайда қорғанның тұтастай сақталғаны – өте сирек жағдай. Бұл бізге ежелгі жерлеу рәсімін сол қалпында көруге мүмкіндік берді, – деді Жүсіпов.
Қазба барысында археологтар жауынгердің сүйегін тапқан. Ол арқасымен жатқызылып, басы солтүстік-батысқа қараған. Оның жанынан екі жүзді металл ақинақ, бес жебе ұшы және алтын сырға табылды. Ақинақтың сабы арқар мүйізі мен жыртқыш құстардың бейнесімен әшекейленген.
«Мұндай ақинақты біз Орталық Қазақстанда алғаш рет кездестіріп отырмыз. Құйманың сапасы мен өрнегінің күрделілігі сақ шеберлерінің жоғары деңгейін дәлелдейді», – деді экспедиция жетекшісі.
Мамандардың айтуынша, табылған жәдігерлер б.з.д. VII–VI ғасырларға жатады. Артефакттар қазір арнайы зертханаларға жіберілді. Онда металлографиялық, радиокөміртекті және антропологиялық сараптамалар жүргізіліп, олардың жасы мен шығу тегі анықталмақ.
Соңғы жылдары Қарағанды өңірінде сақ дәуіріне тән қару-жарақ пен әшекейлер жиі табылып келеді. 2023 жылы Қарқаралы ауданында көбелек пішінді айқышы бар қола ақинақ, ал 2024 жылы Талдин тарихи-археологиялық паркінде қан ағызып шығуға арналған жолағы бар темір қылыш табылған болатын.
«Әрбір осындай олжа – тек тарихи артефакт емес. Ол біздің даламыздың ежелден-ақ қолөнер мен жауынгерлік мәдениеттің орталығы болғанын дәлелдейді», – деді археологтар.
Бұған дейін Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы Жайлау-төбе қалашығында археологтар Канғюй дәуіріне жататын мыңнан астам тұрмыстық бұйым мен керамика сынықтарын тапқан еді. Ғалымдардың пікірінше, бұл — сол кезеңдегі ең ірі қалашықтардың бірі.