Ресейлік «Проект» басылымы жүргізген зерттеу нәтижесінде, Ресей президенті Владимир Путин өз туыстарын және жақын адамдарын билік пен экономика саласындағы ықпалды қызметтерге орналастырғаны анықталды, деп хабарлайды «Адырна».
Басылым мәліметінше, Путин билік еткен жылдар ішінде кемінде 24 туысы мен оған жақын адамдар – қыздарынан бастап, болжам бойынша сүйіктілері мен олардың туыстарына дейін – мемлекеттік құрылымдармен тығыз байланысты жоғары лауазымдарға ие болған.
«Жұмысқа орналасқандардың» қатарында Путиннің қыздары Мария Воронцова мен Екатерина Тихонованың отбасылары, сондай-ақ оның немере ағайындары Евгений және Игорь Путиндер, немере қарындастары Любовь Шеломова мен Любовь Круглова бар. Тергеу деректеріне сүйенсек, олардың барлығы мемлекеттік компаниялар мен мекемелерге тікелей қатысы бар табыс көздерінен пайда көріп отыр.
Сонымен бірге, Путинмен көңіл жарастарған әйелдердің – бұрынғы жұбайы Людмила Очеретная, гимнаст Алина Кабаева, кәсіпкер Светлана Кривоногих және тележүргізуші Алиса Харчева — туыстары да ірі мемлекеттік құрылымдар мен компанияларда қызмет ететіні белгілі болды.

Фотода Алина Кабаева
Ең ықпалды лауазымдар президенттің немере ағасы Евгений Путиннің отбасына бұйырған. Оның қызы Анна Цивилева қазіргі таңда Ресей қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарады, ал күйеуі Сергей Цивилев – елдің энергетика министрі. Аннаның ағасы Михаил Путин – «Газпром» компаниясында жоғары қызметте.
«Проект» дерегінше, туыстық байланыс арқылы билік пен байлықты бөлу деңгейі бойынша Владимир Путин Ресей тарихында рекорд орнатқан. Бұл көрсеткіш Романовтар дәуірінен бері болмаған, ал мысалы, Борис Ельцин кезінде бар болғаны бес туысы ғана жоғары қызметке тағайындалған.