"Қорқыныш пен бақылау". Ел оппозициясы Трамптан саяси тұтқындарды босатуға ықпал етуді сұрады

836
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/fCJYcAmFuppGskA2mT7PASOxcNtYYuWj4MdsAUDS.jpg

Шетелде тұратын тәжік оппозициялық ұйымдарының жетекшілері АҚШ президенті Дональд Трампқа ашық хат жолдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ферғанаға сілтеп.

Хатта оның Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмонға саяси тұтқындарды босатуға ықпал етуі сұралған. 

Ал хаттың мәтіні «Тәжікстанның реформалар мен дамуы қозғалысының» ресми сайтында жарияланды.

Оппозиция өкілдері 6 қарашада Вашингтонда өтетін «Орталық Азия — АҚШ» саммиті аясындағы екі ел президенттерінің кездесуінде Трамп Рахмонды халықаралық құқық пен адам құқықтары қағидаттарына негізделген диалог бастауға және саяси тұтқындарды босатуға шақырады деген үміт білдірді.

Хатта Тәжікстандағы жүйелі саяси репрессиялар мен азаматтық еркіндіктердің шектелуі туралы да айтылған. Оппозицияның мәлімдеуінше, елде үш онжылдыққа созылған авторитарлық басқару жүйесі қоғамды «қорқыныш пен бақылауға» толы жағдайға жеткізген.

«Мыңдаған адам саяси себептермен қуғынға ұшырап, жүздегені азаптауға және мәжбүрлі жоғалуға тап болды. 8500-ден астам саяси тұтқын түрмеде отыр, олардың арасында журналистер, адвокаттар, құқық қорғаушылар, діни көшбасшылар мен белсенділер бар. Кейбірі — әйелдер мен оппозиционерлердің туыстары», — делінген хатта.

Оппозиция өкілдері сонымен қатар Трамптың Беларусьтегі саяси тұтқындарды босатудағы рөлін атап өтіп, АҚШ-тың адам құқықтарын қорғаудағы жаһандық көшбасшылығына үміт артты.

Ашық хатқа «Тәжікстанның реформалар мен дамуы қозғалысының» төрағасы Шарофиддин Гадоев (Амстердам), «Тәжікстанның жаңғыру жастары» ұйымының жетекшісі Убайдулло Саиди (Лондон) және «Тәжікстан реформаторлар қозғалысының» басшысы Мухаммадикболи Садриддин (Париж) қол қойған.

Комментарии
Другие материалы