12 адам қаза тапқан жол апатын тергеу үшін үкіметтік комиссия құрылды

748
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/8srsDV5dUtebJMGFk3LBHQb7w6113p8actG1CbR0.jpg

Премьер-министр тапсырмасымен Ақтөбе облысында болған жантүршігерлік жол апатының себептерін анықтау мақсатында үкіметтік комиссия құрылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Үкімет басшысы комиссия мүшелеріне тергеуді дереу бастауды, жол-көлік оқиғасының мән-жайын жан-жақты зерттеуді және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына алғашқы көмек көрсетуді тапсырды.

«Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басшылық ететін Комиссия құрамында ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және көлік министрліктерінің жетекшілері, сондай-ақ Ақтөбе облысы әкімдігінің өкілдері бар», — делінген Үкімет хабарламасында.

Еске салайық, 23 қазан күні Самара – Шымкент тасжолында, Белқопа ауылының маңында DAF жүк көлігі мен жолаушылар мінген “ГАЗель” автокөлігі соқтығысып, 12 адам қаза тапқан болатын. Тағы бес адам түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.

Қазіргі таңда оқиға орнында тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Самара – Шымкент тасжолының апат болған бөлігі уақытша жабылған.

Комментарии
Другие материалы