“Рухани түсіністік — еліміздің басты құндылықтарының бірі” - Кеңшілік Тышқанұлы

501
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/5FZn7IlG9KE7AUKuU8IERzIPjXdOHDvmyYrTwXIo.webp

Рухани түсіністік - еліміздің басты құндылықтарының бірі.
Жақында қазақ тарихына қатысты бір роман оқыдым. Онда сонау ғасырлардан бастап қазақтың жерінде түрлі конфессиялардың болғандығы жазылады. Тайпалар арасында қаншама қанды қақтығыстар болғанымен олардың ешбіні діни ұстаным үшін болмаған. Әрине, кейіннен қазақ халқының діни бірегейлігінің сақталуында біртұтас сенімде болуы үлкен үлес қосқан. Көрші елдермен ассимиляцияға түспей ұлт ретінде сақталуында да мұның өз орны бар. Біреулер мойындар, біреулер мойындамас. Барлықтарыңыз білетіндей біздің қоғам көп конфессиялы және көп этносты қоғам. Мемлекетті құрушы ұлт Қазақ халқы болғанымен тағдырдың тауқыметімен, кезінде жүргізілген саясаттың салқынымен көптеген этностар мен олар ұстанатын діндер еліміздің территориясында тоғысты. Полиэтностық және поликонфессиялық құрамы ажырамас сипаты болып табылатын Қазақстан үшін қоғамдық келісім, толеранттылық, қоғамдық ұйысу, мәдениетаралық және өркениетаралық үндесу идеялары негізгі ұстаным болып табылады.
Дін мен қоғамның өзара қатынасы, ұлтаралық және конфессияаралық қатынастар, діннің саяси-әлеуметтік ролі, оның мәдениеттің қайта өрлеуіне және Қазақстан халқының руханилығына әсері өзінің маңыздылығын ешқашан жоймақ емес.
Көптеген этникалық топ белгілі бір конфессиялық сипатқа ие. Бұл сипат халықтардың этникалық ерекшеліктерімен ұзақ уақыт өзара әрекеттесуінің нәтижесінде пайда болған. Мәселен, Қазақстандағы түркі тілдес этникалық топтар (қазақ, түрік, қырғыз, өзбек, татар, башқұрт т.б.) әдетте өздерін ислам дінімен байланыстырса, славян этникалық топтары көбінесе (орыс, белорус, украин, болгар, серб, поляк т.б.) христиан дінінің православ, католик, протестант бағыттарымен байланыстырады. Сондай-ақ, әрбір этникалық топтардағы жекелеген азаматтар арасында дінге сенбеушілерді де кездестіруге болады.
Қазақстанның даму, өсу, өркендеу жолындағы басым бағыттарының бірі – ұлттық келісім, ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетінің жоғары деңгейін қалыптастыру. Әрине, ұлттық келісім аясында әрбір адамның азаматтық құқы сақталуы шарт екені түсінікті. Ұлтаралық келісіммен бірге халықтың әл-ауқатының жақсаруы елдегі саяси тұрақтылықтың сақталуына өз ықпалын тигізеді. Ұлттар мен ұлыстардың арасындағы қарым-қатынасты жақсартып, татулықты тереңдете түсудің бір жолы – олардың бір-бірінің мәдениетін терең танып-білуіне, сол арқылы өзара түсіністіктің орнауына жол ашу. 
Ал қазіргі әлемдік ахуал ел ішіндегі тыныштық пен келісімнің маңыздылығын тағы да айқындай түскендей. Сол себептен де жылда аталып өтілетін «Рухани келісім күні» осы ізгілікке қызмет ететіндіктен маңызы зор саналады. «Адамзаттың бәрін бауырым деп сүю» (Абай) қолымыздан келмесе де түсіністік пен келісімде өмір сүру ел игілігі үшін аса маңызды болмақ!

Кеңшілік Тышқанұлы

Комментарии
Другие материалы