Сарапшы Астана мен Алматыда жолақыны 500 теңгеге дейін көтеруді ұсынды

2430
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0SslkZXzyHXWNnnBUKM3WVepZUzew7kQN5vuQJXT.jpg

Энергетика министрінің бұрынғы кеңесшісі, сарапшы Олжас Байділдинов автобуста жүру ақысы 500 теңге болуы керек екенін айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

«Тасымалдаушылардың айтуынша, шығынды жабатын баға — 345 теңге. Оларға үшінші жыл қатарынан субсидия төленбейді. Мен бұл туралы бұрыннан айтып келемін. Бұл саладағы мемлекеттік субсидиялар ашық емес, сыбайлас жемқорлыққа бейім және жолаушылар үшін ешқандай сапа әкелмейді. Астана мен Алматыда жолақы 500 теңге болуы тиіс (мәслихат сессияларында бұған дейін 450 теңге көлеміндегі өзін-өзі ақтайтын баға аталған). Тек Алматының өзінде былтыр автобус тасымалына субсидия ретінде шамамен 200 миллион доллар бөлінді. Сіздер сапаны көріп отырсыздар ма? Бұл салада нарықтық баға мен ашық бәсеке қажет», — деп жазды Байділдинов өзінің Telegram-арнасында.

Оның айтуынша, «жолаушылар жол қашықтығына қарай әртүрлі ақы төлеуі керек».

«Үш аялдама жүрген адам мен соңғы аялдамадан соңғысына дейін бір жарым сағат баратын жолаушының бірдей ақы төлеуінде ешқандай экономикалық немесе логикалық негіз жоқ. Автобус парктеріне берілетін нарықтық емес әрі ашық емес субсидияларды алып тастап, бағаларды нарыққа жіберуді ұсынамын. Қалай болғанда да, біз бұған ерте ме, кеш пе, келеміз», — деді ол.

Айта кетсек, автобуста жүру ақысы 500 теңге болуы керек деген Байділдинов сонымен қатар «Делиде метро немесе LRT бағасы 20-70 рупий (яғни 140-470 теңге) аралығында» екенін де мысалға келтірген.

Қазір Астанада автобуста жүру құны - 110 теңге. Байдильдиновтың бұл мәлімдемесі елдегі бағаның өсуі мен халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуі аясында айтылды.

Еске салайық, 2022 жылғы қаңтардағы қанды оқиғалар кезінде Байділдинов сұйытылған газ бағасының өсуіне байланысты даулы пікір білдіріп, халыққа «қоғамдық көлікке отырыңдар» деп кеңес берген еді. Ол кезде «газ бағасының литріне 15–20 теңге қосылуы - айтарлықтай үлкен сома емес, интернет үшін одан да көп төлейміз» деген сөзі қоғамның ашу-ызасын туғызған болатын.

Комментарии
Другие материалы