"Нағыз академиялық мектептің өкілі". Шора Сарыбаевтың ғасыры - ғұмыры

1303
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/gw0AtA2Tg83wmuMcqFceToWvDNnSbXnFrtIMUXLc.jpg

Тіл ғылымының тарланын еске алу шарасына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков, қоғам қайраткерлері, отандық және шетелдік тілтанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

 Конгресс барысында Саясат Нұрбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді:
“Шора Сарыбаев – тіл ғылымын дамытуға, оның тарихын терең зерттеуге айрықша еңбек сіңірген ғибратты ғалым. Ол ана тіліміздің көкжиегін кеңейтіп, ғылыми дамуына зор үлес қосты. Белгілі академик қазақ тілінің аймақтық сөздігін құрастыру мақсатында арнайы экспедициялар ұйымдастырып, іргелі зерттеулер жүргізді. Қазақ және түркі тілдерінің диалектологиялық атласын жасауға белсене атсалысты, тіл білімінің библиографиясын әзірледі. Ғалымның еңбек жолын отандық ғылымға деген адалдықтың озық үлгісі деуге болады”,- делінген Президент құттықтауында. 

Конгреске Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген жетекші ғалымдар сөз алды. Олар бұл шараның бүкіл түркі жұртына ортақ екенін мәлімдеп, ғылыми зерттеулерін бөлісті. 

"Шора Сарыбаевтан ғылыммен шынайы айналысудың жолын үйрендік. Артында қалған мұраларын зерттей келе, оның тек ғылымға ғана емес, ғылыммен айналысу әдістемесіне де үлкен үлес қосқанын көріп отырмыз. Ол – нағыз академиялық мектептің өкілі" – дейді ғалымның шәкірті Қаламқас Сейдоллақызы. 

Іс-шарада Шора Сарыбаевтың ғылыми мұрасы жинақталған 6 кітаптың тұсауы кесілді.

Айта кетейік, Шора Сарыбаев 1925 жылы 2 наурызда Ташкентте дүниеге келген. Оның әкесі, Шамғали Харесұлы Сарыбаев, қазақ тілі әдіснамасының негізін салушылардың бірі болған.

Шора Сарыбаев ҚазМУ-ды 1950 жылы бітіріп, 1953 жылы аспирантурасын аяқтаған. 1954-1995 жылдары А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. Ол қазақ тілінің диалектологиясы, лексикологиясы, тіл мәдениеті, қазақ әдеби тілінің тарихы және қазақ-орыс тілдік байланыстары саласында терең зерттеулер жүргізген.

Ғалым қазақ тілінің ауызша сөйлеу мәдениетін зерттеп, орыс тілімен қарым-қатынасы нәтижесінде пайда болған кірме сөздерге талдау жасады. Сонымен қатар, түркология саласында да ауқымды жұмыстар атқарып, қазақ тілін басқа түркі халықтарының тілдерімен салыстыра отырып зерттеген. 250-ден астам ғылыми мақалалары мен оқулықтары, монографиялары жарық көрген. “Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі”, “Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі”, “Жаңа атаулар сөздігі” кітаптарының құрастырушылардың бірі. “Қазақтың аймақтық лексикографиясы”,“Қазақ тіл білімінің библиографиялық көрсеткіші” атты 6 томдық еңбектің және “Түркітану әдебиетінің библиографиясының” авторы. Шора Сарыбаев 2018 жылы 93 жасында өмірден өтті.

Комментарии
Другие материалы