Испания мен Қазақстанда «La tregua» («Бітім») атты қазақстандық-испандық тарихи драма көрерменге жол тартады. Фильм екі испандық әскери тұтқынның Кеңес Одағының ГУЛАГ жүйесіндегі өмірі туралы шынайы оқиғаға негізделген, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ферғанаға сілтеп.
Фильм 10 қазан күні Испанияда алғаш рет көрсетілсе, елімізде 30 қазанда прокатқа шығады.
Картинада Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Қарағанды облысындағы Спасск-99 лагерьінде болған испан әскери тұтқындарының тағдыры бейнеленеді. Бұл адамдар Испаниядағы Азаматтық соғыстан кейін КСРО аумағына тап болып, мәжбүрлі еңбек лагерлеріне жіберілген еді.
Фильмнің режиссері — «La casa de papel» («Қағаз үй») сериалының бірнеше бөлімін түсірген атақты испан режиссері Мигель Анхель Вивас. Түсірілім Испанияның Баск елі автономды қауымдастығына қарасты Алава провинциясында өтті. Онда кеңестік лагерьдің көрінісін шынайы түрде көрсету үшін арнайы декорациялар тұрғызылып, барактар мен тікенек сымдар орнатылды. Қатты қыстың атмосферасын жеткізу үшін түсірілім тобы бірнеше тонна жасанды қар қолданған.
Фильмнің әлемдік тұсаукесері Сан-Себастьян кинофестивалінде өтті. Көрсетілім кезінде көрермендер ұзақ қол шапалақтап, әсерлі көріністерден көзіне жас алған. Сыншылар да картинаны жоғары бағалап, оны қазақстандық кинематография үшін маңызды жетістік деп атады.
«Бұл жоба – тек біздің продюсерлік топ үшін емес, бүкіл Қазақстан үшін үлкен жетістік деп санаймыз», – деді фильмнің атқарушы продюсері Даир Каракеев.
Ұзақтығы 150 минут болатын фильм испан және орыс тілдерінде түсірілген. Ол испандық Plano a Plano, қазақстандық Spassks99 және Amanat Capital компанияларының бірлескен жобасы. Жобаны Netflix пен RTVE қолдаған.